Жұма, Қазан 22, 2021
logo

Үздік шығармалар 2013

ҒАШЫҚ ЖҮРЕКТІҢ АҚТЫҚ ҒАЗАЛЫ

ӘДІЛБЕК АРМАН
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ  

«Махаббат, қызық мол жылдар» романында Ербол өмірінің соңғы бөлімі сөз болмайды. Десе де, ақылды оқырман Ерболдың ғұмырының соңғы сәтіне дейін алып ұшқан ақ сағыныш пен аласұрған тәтті мұңның әлдилеуінде өткенін сезіне алады. Тіпті Ерболдың ақтық сәтінде аяулы жан елесіне жүрегіндегі қайғы-шерді ақтара қол созған болуы да әбден мүмкін. Әрине, Әз ағамыз да осы күйді кешкен шығар. Халима апамыздан ертерек айырылғасын да ұлы жүректі бір сағыныштың сыздатқаны да бар шығар…

Ерболдың ажал тақап келгендегі Меңтай елесіне қол соза күбірлеуі.  

Ұлы жүрек жырлап жатады …

Уһ, жарығым! Ғұмырымның шуағы,
Жүрегімнің жақыны һәм жырағы,
Саған жету үшін қанша кештім мұң
Аяқталмай тіршіліктің сұм әні.

Маған сенсіз жарық дүние жоқ екен.
Сен екенсің, мұңлы түннің шырағы.
Ауыр басып кәрі уақыт өтті әйтеуір
Тұншықтырып қасіреттің бұлағы.

Өтті ме уақыт, жетті ме ажал – гүл көктем.
Кел құшайын келбетіңді нұр төккен.
Тек күтумен күн өткерген қу көңіл
Шаршап бітті тірлік атты дүрмектен.

Ғашық жүрек қай қызықты елемек.
Сенсіз маған ұжмағың да не керек?
«Мен татпаған тірлік нәрін тат» – дейсің.
Не көреді отты айналған көбелек?

Бұл тағдырдың иіріміне жетер ме ой?!
Сәулем, маған сенсіз бәрі бекер ғой.
Саналыдан сәнді ғұмыр көрмедім.
Ажал ғана бізді әлдилейді екен ғой!

Түгесіліп сүюлер мен аяулар,
Сөніп бітті қайраттылар, ояулар.
Бақытты еді, сірә, неткен  фәниден
Бірге көшкен Қозы Көрпеш, Баяндар!

Мынау қала, мынау аспан, мына тау.
Жалынсыздың жайраңына құмар-ау.
Қара жердің күйбеңіне көміліп,
Өле алмадым, ол да менің күнәм-ау.

Кетіп едің жалғыз тастап, жылатып.
Гүл жастықтан көз жасымды құлатып.
Сезіп пе едің, серігіңнің жалғаннан
Жаны мүжіп, өткен күнін у татып.

Сен кеткелі мынау маңнан ән кеткен
Сен кеткелі шұғылаға зар көктем.
Жалбыр жылдар арасында қалтырап,
Ғұмыр кештім, сағым қуып, дал боп мен.

Жеттім бе әрең өлер күнге – бұл күнге,
Сенсіз маған жасау енді мүмкін бе?
Құшағыма бассамдағы өзіңді
Асығамын нұрлы күнге, гүл түнге.
Көкірегіме гүл көктемдей құйып ән,
Жанарыма шаттық болып ұйыған.
Рахмет, бұл ажалға –
Рахмет, Тәңірімнің сыйына!

Уһ, жарығым, ғұмырымның шуағы,
Көңілімнің көгін ашар шырағы.
Кешіп жүріп, сан азапты, сан мұңды.
Жеттім әзер, құштым әзер, шынарым!
О, тәтті ажал!
Ұлық тәңір!
Тек қана
Енді жалғыз қалтырма деп сұрадым!

 

ЖҮРЕКТІҢ ТІЛІН СӨЙЛЕ ТІЛ

ЖАҚИ ЕСІМҚАН
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ

Күнде қорадан қойын өргізбей радио тыңдайтын әкемнің ұйып отыратыны ойландырушы еді. Бір күні роман тыңдап отырған әкемнің арқасына асылып тұрып, толқын үніне құлақ түрдім де, әскерден қайтқан солдат жігіт пен университеттегі курстас қыз арасындағы үзік сырлардың, лүпілдеген жүректердің сырын естігендей болдым.

Есіріктік пен ессіздікке жат жас жүректердің лүпілі мені адамдықтың қасиетті де биік сезімдердің шыңына талпындырғандай болды. Кейін "Махаббат қызық мол жылдарды" бірталай уақыт іздеп әрең таптым. Әлдебір асылыммен қауышқандай, жаныма бір жақындық бардай. Көптен бері жоғалтқан жоғымды табардай, көптен бері басым қатып жүрген сұрақтың жауабын осы парақтардан табардай күн кештім. Сосын толқи, тебірене қоңыр бір күйге еніп, бастап оқыдым.

Есейе келе нағыз азаматтықпен, намыспен, "опық жемейтін Ошақбаевқа"жұдырық асатқанын, Ошақбаевтың арсыздығы Ербол ғана емес, бір вагондағы балуан қазақтың да намысына тиген сол тұстары көкірегіме құйылды. Тастай қатты да мейірімсіз, арсыз, опасыздық пен балдай махаббаттың өркені тайталасқан сол тұстары тынышымды ұрлады.

"Махаббат қызық мол жылдарды" бес рет оқыдым, бес рет жыладым. Кейбір суреттерін түсінгенне кейін жастығымды құшақтап ұзақ өксіп жылаған кездерім болды. Мені жылатқан не тағдыр екені өзіме аян. Айтуға аузым да бармайды. Романның ішіндегі аянышты сәттерді жазған сол жылдарды ойласам, қазір де тамағыма өксік келеді. Бұл кітап адалдыққа, адамдыққа жетелейтін еді. Өз жанымның әлдебір құлдыраған, кірлеген сәттерінде кейіпкерлер көз алдыма келеді. Әлдебір ертеңге, үмітке, нұрға деген талпыныс жүрегімді шарық ұрдыра бастаушы еді. Маған бұл туынды Ербол мен Меңтайдың мұңлы сәттері арқылы адам болудың айласы емес, азамат болудың бағдарын нұсқағандай бір марқа күй кештірді.

Ақиқат – ол өзінің асқақтығы, тәкаппарлығымен ғана емес, қарапайымдылықпен қанаттасқанда ғана көңілдің көгін қоңыр күйге шомылдырады.

Ерболдың ең алдымен сол қазақи табиғаты мен ұстамдылығы, сабырлылығы Меңтайға деген асқан құрметі мен нәзіктікке, қыз табиғатына деген ізеті, ұлылыққа сұқтанудан гөрі азаматтықпен тамсана қарауы менің жанымнан өшпестей орын алды.

Кітап Ерболдың мұңлы сәттер мен қайсар қасиеттерін қалтқысыз бейнелеу арқылы менің санама әрбір ауыз сөзімен, әрбір жолымен, әрбір бетімен, әрбір кезеңімен сіңді.

Ол кездері баламын. Адамның сұлу қасиеттеріне жақын кезің. Осы күндері сананы шимайлаған салтанатсыз ойлар сол бір күндердің минутына да татымайтындай.Ербол жүрегінде азаматтық күй, азаматтық өлщем  бар еді. Сол өлшем оны әлденеге жеткізді.

Ербол ұстанымы маған бұл дүниеде сұлулықтың, махаббаттың ешқашанда қыздың тәнімен өлшенбейтіндігін түсіндірді. Өмірдің осындай теңсіз заңдылықтарын жаныммен түсінген шақта, мен өзім айтып жеткізе алмастай, тек жүрегімнің көзімен қарағанда көре алатын жіңішке, нәзік тұстары бар секілді. Сондай бір жылы, сондай бір сананың ызбары араласқан сәттерді "Махаббат қызық мол мол жылдарды" оқығаннан кейін жиі тауып алатын болдым.

Бұл кітап маған соны мінез алып келді. Бірақ мен көп сезе бермейтін азаматтық іспен бейнеленетін халде менің бойымда қалды. Кейіпкерлер ең жақын, ең жылы жан серігімдей күй кештім.

Ербол маған нағыз махаббаттың қандай екенін, ал Меңтай нағыз арудың қандай болатындығын ұғындырды.

Алты ұлы иманның біреуі тағдыр ғой. Олардың тағдыры қиын болды. Ербол секілді жігіт болсам деп ойлайтын басым, дәл ондай тағдыр басыма түсіп, жүрегіме қаяу салса да күйзелісті күй кешпес едім. Бұл бақыт сезімі екенін сонда түсіндім.

Қызығы мол махаббат жылдарының мөлдір сезімінен мөлт етіп үзілген мұң көкірегіме көп ой салды. Көңіл естелігіме махаббат ұғымы құрмет, адалдық, шыншылдық деген тамыры тереңдегі қасиеттерімен жазылып қала берді.

Қарапайым да, ұлы қазақ. Қайсар да, қарапайым қазақ жігіттерінің тамырлы, негізді, маңғаз махаббатын бейнелейтін тарлан жазушының рухы жадымызда. Асқақ рухты ата-бабамыздың асыл мирасы болып қалған, тәуелсіз елеміздің еркін аспанның астында бал шырындай махаббат қызық мол жылдырымыздың әр таңы арайлы болғай. 

 

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ – МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫ

ЖАЛҒАСБЕК АҚМАРАЛ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ

Махаббат деген қасиетті күш. Дүниеде адам баласы қуаныш пен қайғының, бақыт пен бақытсыздықтың не екенін білмей өтер еді. Махаббат бір аққу құс емес пе? Өзі сәнді, әні де сәнді.

«Көзіме жас бер жылайын.
Шыдам бер сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын» – деп ұлы Абай жырлағандай әдебиет әлемінде мәңгілік тақырыпқа арналған «махаббат» мәселесі. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романында айқын көрініс тапқан. Енді осы роман туралы біраз сөз қозғасақ. Бұл роман ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі Ербол мен Меңтай арасындағы махаббат пен сүйіспеншілігі жайлы. Бұл романды оқыған адамның жүрегі дір етері сөзсіз. Адамзатқа тән ұлы сезімнің тазалығына адалдығын көрсете білген бұл туынды арқылы жазушы қанша қазақ қызының өміріне бағыт беріп, сезіміне әсер қалдырды десеңізші. Мысалы Ерболдың махаббат жайлы жазған нақыл сөздерінен үзінді оқып көрелік:

«Махаббат бар жерде көз жасы қоса жүреді. Адамның өмірі қысқа болғанымен махаббаты ұзақ өмір сүреді. Құштарлық – махаббат хабаршысы. Сұлу әйел сорға бітеді. Неліктен автор бұл романды тек қана махаббат жайында жазды деген сұрақ тууы мүмкін?! Себебі махаббатсыз дүние бос. Өйткені сананы өмірдің бәрі махаббатқа тіреледі. Махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштық, сезімдердің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі. Адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас». Міне, Ербол өз дәптеріне осы ойларды жаза отырып жастарымызға қызды қадірлеуді ананы ардақтауды, әйелді сыйлауға үйретеді. Автор кітабының негізгі арқауын махаббат ете отырып, жастардың жанына, жүрегіне қарапайым халқымыздың кейбір асыл қасиеттерін дәстүрлерін санаға сіңіргісі келеді. Ә. Нұршайықов махаббат қызық мол жылдар романында осы заман тақырыбының күрделі мәселесі жеке адамға деген махаббаты көпшілікке деген сүйіспеншілікке ұштастыра біліп, адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзбауға адал махаббаты ардақтап ыстық-суығына күйе білуге қайсарлыққа үйретеді.

Махаббат – ұшқынынан лапылдап жанған өрт. Тұрақтылық махаббат мұраты. Әйел махабатты ең күшті махаббат. Еркектер әлімен (күшімен) күшті болса, әйелдер махаббаты мен мықты. Ол әлемнің тұтқасы.  

Қорыта айтқанда, махаббат – бергенді. Бөліскенді, қуаныш сыйлауды риясыз араласуды қалайтын патша сезім. Менің ойымша ғашық болу – махаббаттың алғашқы баспалдағы. Адам болудың, өмірді гүлге ораудың ғажайып мүмкіндігі. Махаббат мәні – сүйіп үйрену, өмір тану, сол арқылы жаратушының құдыретін мойындау.

Әзілхан Нұршайықов туындылары ерекше көркемдігімен дараланады. Әдеби жанрлардың естелік, хат, күнделік, мақала, очерк, әңгіме, повесть, роман сынды мол түрлерін қамтиды. Әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасы бар жазушы екені байқалады.

 

ЕРБОЛМЕН СЫРЛАСУ
МАЙТАЙ БАУЫРЖАН
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ

Аққулар қонғай зарыққан көлге
Шөліркеп қайтып жорықтан кеуде.
Тұла бойы емес, саусаққа дейін
Мөлдіреп тұрып тоғысқан көзге
Ғашық болдың ба,
Толысқан Меңтай жолыққан кезде?

Тұп-тұнық жырыңмен жырладың ба, сен?
Жүрекке шерден құйғанында сең
Жүрекке аппақ орамал етіп,
Бұлғадың ба екен сырларыңды әсем?

Сезімнің кетіп жайы құрбанға
Мұң сырға болып тағылып айға
Жымысқы күннің жырттың ба бетін,
Меңтай жарты бақтан айырылғанда?

Бақыттың мұңы басыңда тұнып,
Сүйген бақытың қасыңда тұрып,
Төбең көкке жетпей тұрды ма,
Кірпікке қайғы жасын қатырып?

Тағдырың беріп бейбақыт таңын
Нұр гүл бақшаңа құй батып қалың
Кеткен кезінде келмеске Меңтай
Талақ еттің бе кей уақыттарды?

Ғашықтық көлдің мекені налып,
Жалғыздық жырын жетегіңе алып,
Артыңда қалып сағынып тұрдың ба,
Қуаныш қайғысын көтеріп алып?
11.12.2013ж.

 

МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫ

НҰРДЫЛДА АРУЖАН
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ Бейімдік мектебінің 10 – «Ә» сынып оқушысы

 Ұлы Отан соғысының ардагері, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов біз үшін ұмытылмас тұлға. Себебі ол барша қазақ халқының Әз-атасы, еліміздің мақтан тұтар қоғам қайраткері. Жас ұрпаққа өнеге болған Әзілхан Нұршайықов – өзінің ұзақ ғұмырында мәңгілік махаббатты жырлап өткен ұлы адам. Әрдайым жарқын жүзінен оның мейірімді болғаны көрінеді. Өз шығармашылығында ол адалдық пен махаббатты арқау еткен. Ұлы Отан соғысына қатысқан ең жас жауынгер болған ол – елі мен жері, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін өз жанын аямаған батыл азамат. Артиллерист болып, 100-қазақ атқыштар бригадасында зеңбірекшілер командирі қызметін атқарды. Соғыс біткен соң ол Алматы қаласындағы Киров атындағы Ұлттық университетке оқуға түседі. Сол кезден бастап ол өз шығармашылығын бастады. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтап, қыздар жайлы өз ойын айтқан. Кейін жұмыс бабымен бұйрықты орындау үшін Бауыржан Момышұлына бару керек болғанда, Әз-атаның мойынына үлкен жауапкершілік артылады. Осы бұйрықты орындау үшін ол бір ай шамасында дайындалып, берілген істі жауапкершілікпен алып шығады.

Әзілхан Нұршайықов очерк, әңгіме, повесть жинақтарының авторы. «Махаббат, қызық мол жылдар» романы қазақ халқы үшін үлкен көлемді роман. Өмірінде шынайы махаббатты сезіне білген Әз-ата бұл романды сезіммен, толқыныспен жазған. Қазіргі кезде осы шығарма жастардың сүйіп оқитын кітабына айналған. Халима апа – атамыздың мәңгі ғашығы, адал жары. Екі қыз, екі ұлды өсіріп, оларды өрелі биік шыңдарына қондырып, асыл тәрбие бергенінің өзі – ана ұлағатының нәтижесі. Олардан өрбіген ұрпақтар бүгінгі таңда ұлт мақтанышына айналып отыр.

Осы ұрпақтардың ішінен филология ғылымдарының докторы Нұршайықова Жанар Әзілханқызын ерекше атағым келеді. Әке аманатын жалғастырып, әдебиет айдарына құлаш ұрған апйымыздың алар асуы, жетер биігі әлі де алда деп ойлаймын.  

Әкеңіздің тірілтіп рухын бүгін,  
Жеткізіп ұрпағына жүрек сырын.
 Қалаған махаббаттың мұнарасын,  
Солдырмай нәзік қылдай жүрек гүлін.

Бүгінгі жас ұрпақ Әз-атаның сегіз қырлы азамат болғанын жақсы біледі. Ол сұрапыл соғыстың ортасында от кешіп, артиллерист болды. Сөйте жүріп, қолынан қаламы түспей ерлік күнделіктерін жазудан тынбады.

Өмірге деген құштарлық талпынысы, ел-жұртына деген сүйіспеншілігі, халқына деген махаббаты қара сөзбен жазылып, бізге жеткен асыл мұрасы. Артынан қалған еңбектері оның абзал атының өлместігін білдіреді.

2013 жылдың 15 желтоқсанында Әзілхан Нұршайықов 91 жасқа толар еді. Халқымыздың мақтанышы, қоғам қайраткері, ұлы жазушының айтқан өсиет сөздері әрдайым жадымызда. Сені ешқашан ұмытпаймыз, Әз-ата!

Рухың шат, мекенің жәннат болғай!

 

ӨЗІҢДІ ҒИБРАТ ТҰТАМ, ӘЗ-АТА!

ТҰРАРОВА ӘЙГЕРІМ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ Бейімдік мектебінің 10 – «Ә» сынып оқушысы

 Әз-атаның шығармашылығы биік талғамда, терең оймен жазылған ерекше шығармалар. Әз-атаның шығармаларын санасында сәулесі бар қауым ғана түсінеді деп ойлаймын. Себебі, махаббаттың ұлы күшін, мөлдірлігін, қадірін ұғына алатын адамдар қатары аз. Әз-ата «Махаббат, қызық мол жылдар» романын өзінің асқар, мөлдір махаббаты арқылы, кейіпкерлердің өмірдің қиын жолдарынан өтіп, күрделі өткелдерді басынан кешіргені туралы жазған. Бұл роман – Әз-атаның ең үздік туындыларының бірі. Қазіргі заманда кей адамдар махаббатты ысырып тастап, көк қағазды жоғары қойып, ар-намысын да ұмытып жатады. Міне, сондай тас жүректерге Әз-атаның, махаббат жаршысының кітаптарын қолына ұстатсам ғой... менің өзім бала болсам да, шынайы махаббаттың бар екеніне кәмілсіз сенемін, оған себепші болған – Әз-ата!

Әрине, махаббатсыз, достықсыз өмір болмайды. Әр адамның жүрегінде махаббат пен достықтың бөлшегі болады деп ойлаймын. Әз-ата достық туралы да мәнді-мағыналы, тәрбиелі сөздер қалдырған. «Адал досыңды ешқашан алдама, алдаған дос аяусыз үкім шығарады» – деп радиода сөйлегені бар. Қиналғанда, қуанғанда жаныңнан табылатын адал достың қадірін білу керек.

Әз-атаның «Ақиқат пен аңыз» кітабын қандай қиындықпен жазғанын білеміз. Мінезі арыстаннан да қаһарлы Бауыржан Момышұлымен ебін тауып сырласқанының өзі шеберлік, тапқырлық деп білемін.

Әз-ата институтта қыздармен кездесу кезінде бірнеше ақыл-кеңестер айтқан екен. «еңбекшіл бол, саналы бол, инабатты бол» – деген сөздері жадымда әрдайым жүреді. Қыз ретінде айтқан кеңестерінің бәрін орындауға тырысамын. Мен Әз-атаны өз атамдай жақсы көремін, тәрбиешім ретінде әр сөзі мен үшін құнды.

Мен Әз-атаның қызы – Жанар Нұршайықоваға еліктеймін. Әкесінің қалдырған ізін басып, тіл маманы болып, әр жылы әке рухын биікке көтеріп, елеусіз қалдырмай жүрген перзентіне, Әз-ата жәннат төрінде бақытты болар деп ойлаймын! Әз-ата: «мамандықтың жаманы жоқ... Қазіргі заманда қай мамандық болсын пайдалы, мамандығың көп болса, тіпті жақсы» – деген болатын. Өз басым болашақта үш түрлі мамандық иесі болсам деймін. Біріншісі – заңгер, екіншісі – шет тілі аудармашысы болса, үшіншісі – марқұм әкемнің ізін жалғастырып, архитектор болу. Әз-атаның шығармаларымен сусындап, үлгі тұтып, болашаққа қадамымды нық басамын...

 

ӘР ЖҮРЕКТЕ ҚАЗАҒЫМНЫҢ ӘЗ-АТАСЫ…

Ш.С. ҮДҮРІМОВА
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ
(бейіндік мектебінің оқу-ісі меңгерушісі)

Ә.Нұршайықовтың 90-жылдық кешінде оқылған өлең

Ойлап тұрсам, өне бойым дірілдейді,
Сезім, шіркін, сан қилы ойға жетелейді.
Асау жүрек секіре ме, бұлқына ма,
Ой толқынын түсінетін адам бар ма?
О, махаббат, туы болдың Әз-ағаның,
Желбіретіп, дүркіретіп сыр даланы.
Сайрап жатқан ақ қағаздың бетіндесің,
Ой толқынын оқып, шіркін таңданасың!
Күміс сөзден алып алтын зер соққан,
«Ақиқат пен аңыз» атты шығармасы.
Бауыржандай атамыздың бет-бейнесі,
Жас ұрпаққа үлгі емес пе, соны айтшы?!
Ел бірлігі, ұлт тағдыры, көңіл сыры,
Қаламгердің ұстанымы, жан азығы.
Ілтипатпен, бағалы оймен сақталады,
Әр жүректе қазағымның Әз-атасы.
Ардақты аға, асқар таудай әке болдың,
Сүйген жармен , қосағыңмен бірге болдың.
Үлгі тұтып, міне бүгін жас ұрпағың,
Інілер мен қыздарыңның жыры болдың!