Бейсенбі, Қыркүйек 19, 2019
logo

Үздік шығармалар 2012

МЕҢТАЙДАЙ ЖАР ЖОЛЫҚТЫР ДЕЙТІН ӘКЕМ...

Асыл Ерзат Қытай

Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы радиоэфирде оқылғаннан кейін әкем ерекше әсерленіп: Балам, бақытыңа Меңтайдай жар жолықсын, деп басымнан сипай беретін-ді.

Біздің ел көңілі аспан тау елі еді, Мәрттігіне мәз болар мәредегі. Көкіректер жататын көп сыр айтып, Толқынға тоғытылып әуедегі.   Сезіміңе көктетер маң дала гүл, Маң далада мәнді өмір жанған ауыл. «Қайырды таң, эфирде!» – дейтін диктор «Қайырлы таң»  қағатын таңға дабыл.

Жеткендей жарқыл сәуле түнек тіліп, Көңілдің құсын қырдан түлеттіріп. Қоңыр үйде басталып бір хикая Қоңыр үнге қалатын жүрек тынып

Сан миллион сәуле-нұр самғаттырып Сәуле-нұр мен қанатын таң қақтырып «Махаббаттың қызығын»  жылдар айтар Сағынған сан жүрекке шам жақтырып Алдан күтіп алардай бар жақсылық Бақытына қуанып барататын Соғыстан аман келген солдат жігіт.

Жүрек соғар айналып мың дүбірге, Ал енді, арайланып күн күлімде! Өткен жатыр сыр ашып мұңды күнге, Көктем жатыр ұласып бір күбірге.

Аман қалар бағыма мен сеніп пе ем, Өлмедің өртең жүрек, өртеніп көр О, тәңірім түсім бе, мынау менің? Есен көріп тұрмын ба, ерке еліктер?

Сезімім сағынышын шертеді мың, Кесілер деп кесіп ем келте ғұмыр Есен көріп тұрмын ба, Меңтай сені? Есен көріп тұрмын ба ерке бұрым?

Алапат от қандары қоза қайнап Әлдекімді әкетпек ажал айдап. Оқ құшты да, құлады қыршын жігіт, Көз алдында қос бұрым барады ойнап.

Соқты жүрек соңғы рет тулап қалды, Ер жігіт пен ерке елес бірге аттанды Тәп-тәтті сағынышын тәрік қылып, Сезімін қанға шылап бір хат қалды.

Бір хат қалды, бар сырын бояп қанға (Қанды соғыс кімдерді аяп қалды) Мен тербеліп бір мұңға жататынмын, Балаң қиял ойымды оятқанда.

Өссе де жылдар ызғар шашып қанша, Адалдыққа ақ сезім ғашық болса. Ал, әкем сонда сырлы күй тартатын, Пернесін домбыраның басып қалса.

Аппақ қыр алауларға түленетін, Ал, хикая көсейтін жүрек отын. Шыңдарды тым тәкаппар шіренетін, Меңтайдың күлкісіндей күн өбетін.

Жастықтың ақ сезімін албыратқан, Сұлу қиял, сусында қан бұлақтан. Айналайын ақ жүрек дүрсіліңнен, Құшаққа ары сұлу жар құлатқан. Бүршік атып келетін сол бір ақ таң. Хикая боп таусылды сол бір ақпан.

Сол жылы бізге көктем ерте туды– Ғұмыры Меңтай қыздың келте тынды. Әкем ауыр күрсініп әлденеге, Әлсін-әлі мұңлы күй шертетін-ді.

Өкіне ме жастыққа, өткенге есіл, Көкірегі сыбырлап көктемге сыр. Жан әкем отыратын үнсіз қалып, Отыратын күйімен боп көл-көсір.

Жыл дегенің,  мезгіл ғой жылқы аунаған, Уақыт тұлпар тізгінін бұлтармаған. Он сегіздің орандым отына кеп, Сезім билеп жүрегін күлкі арбаған.

Көктем кеп, көгілжім бел нұрға оранса, Оқудағы қара ұлы қырға барса «Меңтайдай әдемі жан жолықты ма, Бүршіктеп көкірегіңнен бір балауса».

– Дейтін әкем көз қадап, тағатсыздап,  Сосын үнсіз кететін жауапсыз қап. Кешір, әке, көгіңнен көрінбедім, Кешір әке, ұша алмас қанатсыз бақ..

Екінші жыр

Сағынышым сарқылмас сауға жыр ең, Одан өзге жаныма бар ма бір ем, Алатауға аттанып ұлың кетті Тақымында арқырап арда күрең.

Әке, мен жаныңның жас бүршігі едім, Ұлыңа көркі көктем күн тіледің. Көкірегің тұрды,әке, бір күй шертіп, Тек үнсіз қайталанып мың тілегің.

Жүрегімді армандай әнге еліттің, Барады-ау желмаядай зар желіп күн. Дедің, әке, «аман жет Алатауға» Дедің әке  «Меңтайдай жар жолықсын».

Өтер-ау, өтер бізге күн қас қағым, Еске алып сан ғашықтың сырласқанын. Еске алып сан ақынның жырласқанын, Куә ғып Алматының түнгі аспанын, Отырам әке, сені ойыма алып,  Өтер-ау, өтер бізге күн қас қағым.

Сәбиіндей шырылдап ала таңның, Асқарына қараймын Алатаудың. Бір бейнеге қол созып барады арман. Жас жүректің жайдыртып алақанын.