Бейсенбі, Қыркүйек 19, 2019
logo

Үздік шығармалар 2017

Кенжеқожаева Ақбота
Сүлеймен Демирел атындағы университет, Магистратура, 1 курс.

ШИЕ ТУРАЛЫ ƏҢГІМЕ

Жер бетінде жан құлағы шалмаған сиқырлы əуен. Олар бақыттың құшағында тербеліп билеп жүр. Қызды Ай мен Күнге теңесек əсіре сілтеушілік болары хақ! Көрер көзге өзіндік сүйкімі бар бұйра шашты, қоңыр көзді кішкене қыз. Бет-əлпетінде одан артық сұлулықтың да, көркемдіктің де нышаны жоқ. Жігіт ересек. Жанарынан шексіз жылулық жымияды. Жүрегіндегі мейірімді жүзінен байқау қандай оңай болса, жүрегінің ең түбіне жасырған мұңын аңғару сондай қиын. Ырғақты би тіршіліктің күйбеңінен екеуін ысырып əкеткен. Тым жыраққа!

ҚАРАҢҒЫ.
Ұйқыдан маужырай оянған ол шыны əйнектің сыртында басқа əлем бардай ұзақ үңіліп, тапжылмай тұрды. "Сағындым" деді күбірлеп. Меңіреу түн мылқау қалпынан айнымады. Жылы төсегіне жантайып, ұйқыға қайта жеңілді.
Күн сəулесі көзіне түсіп, ұялтып оятты. Сергіп қалған секілді, бойына əлдебір жеңілдік орнапты. Есікті ақырын ашып, құрбысы енді. Дүкеннен келген беті екен.
- Ояндың ба, күнім, - деді жанашырлықпен. Жауап орнына басын шұлғыды.
- Түнімен шие сұрадың. Күздің соңғы күндерінде шие қайдан болсын. Жақын маңнан таппадым, - деді сосын күмілжіп.
Құрбысының қамқорлығына разы болды ма, əлде басқа себеп пе, кім білсін шырайы кіріп шынайы күлімсіреді. "Шие" деді сосын дауыстап. Құрбысы басын шайқады.
ЖАРЫҚ.
Қаладағы беймаза тіршілік біржола толас тапқан тəрізді. Жігіт томаға-тұйық. Мүлгіген тыныштық. Тек жапырақтар симфониясы салтанат құрып, күз тіршілігінен хабардар етуде. "Үзіле көрмеші, Соңғы жапырақ". Іштей қайталай берді.
"Соңғы жапырақтай мықты боламын" деген қыз.
- Қайдағыны айтпашы, - деген жігіт.
- Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз. Соңғы жапырақтай рухым мықты менің, -деген қыз күлімсіреп. Жігіт маңдайынан сүйген.
... Шыр көбелек айналып жүр. Қуыршақтай кішкене қыз жеңіл қозғалады. Жігіт ақырын құшақтап, шашынан емірене иіскеді. Еліктің лағындай бауырына тығыла түсті.

ҚАРАҢҒЫ.
- Жаман адам?
- Иə?
- Сіз кімсіз? Білесіз бе, кімсіз?
- Иə, кіммін?
- Шиесіз?
- Неге?
- Сондай тəтті əрі сондай қышқылтым.
- Ммм. Ал сен кімсің сонда?
- Мен соңғы жапырақпын!
Қалың ойдан арыла алмай төсегінде дөңбекшіп біраз жатты. Жарық дүниенің рауандауына əлі көп уақыт бар сияқты. Жанын, əлде тəнін меңдеген белгісіз дерт түн қараңғылығымен бірге сейілетіндей асыға таңды күтті.

ЖАРЫҚ.
- Жарығым?
- Иə?
- Ештеңе.
Жігіт үндемеді. Əлден уақытта:
- Жаман қыз, - деген.
- М?
- Кетеміз бе алысқа?
- Алысқа-алысқа ма?
- Иə! Жыраққа.
Қыз басын изеді. Мақұлдағаны.
... Іңкəрлік сезім-бесікті əлдилеуде. Құштарлық пен құмарлық қараңғыдан сығалап, шекарадан аттай алмай, қызғаныштың қызыл отына күйе-күйе сөніп барады. Сүйіспеншілік төбелерінен үңіліп, тəубе етуде. Ал екеуі əлі де билеп жүр...

ҚАРАҢҒЫ.
- Таңғы шықтай тұнық сезіміме мыстан махаббаттың уы түсіп кетсе қайтем?
- Есейме!
- Қалай?
- Пəлсапа құрма!
- Сіз неге тым қаттысыз?
- Сен неге тым жұмсақсың?
- Мұз!
- Үлпілдек!
Қыз томсырайып үнсіз қалды.
- Жапырақ? Жауап болмады.
- Əй, соңғы жапырақ?
- М?
- Неге үндемей қалдың?
Қыз орнынан тұрып кетті.


ЖАРЫҚ.
Қыз қасына отырған жігітті аңғарса да кітаптың қызығына батқан кейіп танытты. Қолынан кітапты алғанда да, дəл осылай болуы керек тəрізді еш қарсылық көрсетпеді.
Экзюпери. "Түсінікті" деді жігіт. Ойын дауыстап жатпады. Кітапты асықпай парақтап, əлдебір сөздің астын сызып, қызға ұсынды.
"Ты навсегда в ответе за всех, кого приручил".
Қыз:
"Когда даёшь себя приручить, потом случается и плакать".
Жігіт:
" Слова только мешают понимать друг друга".
Құшақтай алды. Шашынан иіскеп, жанарымен еркелетті. Жүзіне көктем күніндей көңілділік орнаған қыз құшағынан босап:
- Ащысыз, - деді.
- Тəттісің, - деді жігіт.
....Балғындық пен балалық тамсанып, ұзай алмай қалықтап жүр. Өмір асқан ыждаһаттылықпен екеуін бақылауда. Таңғажайып əлемнің ханшасы мен ханзадасы іспеттес бұл екеуі шексіз бақытқа бөленген. Қыз жымиды. Еркелегені. Жігіт күрсінді. Себеп көп еді.

ҚАРАҢҒЫ.
Өз əдетінен жаңылған сағат тілі тым жылдам соғуда екен. Тəні ұйқысырағанымен, санасы оянуды талап етті. Жарықты қосып, күнделігін алды қолына.
... Білесіз бе, қатты қиналып ояндым. Белгісіз күш оянуымды қажетсінгендей төсегімнен жұлып алды. Қараңғылықпен айқасып жатқан Ақ əлемді көріп жанымды тыныштық биледі. Сіз алаңсыз ұйқыдасыз ғой. Əйтпесе, жапалақтап жауып тұрған қарды көрер едіңіз! Міне, Сіз жадыма оралып едіңіз, жан-дүниеме жылулық орнап, барлық жамандық атаулыны ұмыттым. Жаныма батқан дертті де. Рас, Сіздің сезім жайлы тұжырымдарыңызды білмеймін, бірақ "Мендік Сезім" бүгінгі ақ ұлпа қар қандай болса, дəп сондай таза, аппақ! Кейде таңғалам, қалай ешбір қызғанышсыз, кіршіксіз, риясыз сүйіспеншілікпен Адамды жақсы көруге болады деп ?! Менің кеудемде соққан жұдырықтай жүрек дүрсілін тоқтатқанша, сол жүректе тұрақтаған Жылулық екеумізді де тоңдырмайды! Мен мына жарық дүниені шексіз сүйем, шексіз сүйем Жарығым!
... Қалам еденге сырғып түсті. Арсыз ұйқы жетегіне ерткен еді.

ЖАРЫҚ.
Қар Ханшасы үлпілдек мақтаны аялай алақанына салып, үп еткізіп үрлеп отыр. Аяулы тазалықты Қара жер тойымсыздана жұтып жіберуде. Ақ ұлпа Пенделердің табанына тапталып жатыр. Қара жермен сағыныса қауышқан Қар Ханшасының аяулылары мауықтарын да баса алмай лезде еріп кетуде. Жігіт жапырақтардың сыбдыры жиілегенін аңғарды. Қоңыр мезгіл қоштасып жатты . Жаман қызды қызғаншақ күз ұрламаса екен деп тіледі . "Үзіле көрме, Соңғы жапырақ"!
...Əуен. Тербетіліп жүрген қыз кенеттен тоқтай қалып, жігітті қатты құшақтай алды. Əуен əлсіз естілді. Тіптен əлсіз. Еркелегендегі əдетімен қою кірпіктерін бірнеше рет қақты. Аяғының ұшынан тұрып жігіттің ерніне ернін тақады. Қас-қағым сəт. Қыз талмаусырап барады. "Үзіле көрмеші, Соңғы Жапырақ"! Жігіттің таңдайына шиенің дəмі келді. Тəтті əрі қышқылтым.
...Түн патшалығы ғайып болды. Шұғыла шуағы көңілсіз рай танытып, бұлттардың арасына жасырына түсті. Сонау аспандағы Ақ Ханша еріксіз күрсініп қоя берді. Соңғы Жапырақ үзілген екен. Мезгілі жеткен Қоңыр күз мұңайды. Жапырақ-перзенттері тапталып жатыр. Күз-Ана қауқарсыз, билік үлпілдектердің қолына көшкен еді. Тек Соңғы жапырақ бұл заңдылыққа мойынұсынбай қалықтаған күйі көкке көтеріліп кетті.

 

Әлхан Света Төлендіқызы
ХҚТУ Ахмет Яссауи Университеті

Ескі Асхана
(Хикаят)

Тағдыр дегенің қызық қой. Ұшақта кезіктіріп, вокзалда жолықтырып, тіпті троллейбуста төбелестіріп адамдарды бір-біріне қауыштырып жатады. Кездейсоқ басталған достықтың ақыры бауырмалдылыққа, біртамырлылыққа апарады деседі білетіндер. Мүмкін, солайда шығар. Бірақ, оқушы қауым, біздің шерткелі отырған хикаямыз басқалай бастау алады.
Қыз-қыз қайнаған Қыркүйектің уақыты болатын. Қаланың шетінен жаңадан бой көтерген университетке Балқан мен Байкалдың арасындағы Алтай мен Атыраудан талапкер біткен ағылып келіп жатты. Марат пен Сәкен де осы оқу жылында танысқан болатын. Кейіннен бір факультетте тәлім алатындары да белгілі болды…

ІІ

Қазақта “Жаман жолдас жолда қалдырар” деген сөз бартын. Алайда, Марат пен Сәкен араларына қылдырықтайда сызат түсірмеді. Мүмкіндігінше достықтарын берік қылуға тырысып, бірге сейіл құруға уағдаласты. Алыстан келген досын құрметтеген Сәкен кездесетін орынын өзі белгіледі.

Кешқұрым. Сағат жетілер шамасы. Жалғыз аяқты жолмен біреу қаралаңдап келе жатыр. Бұл Марат еді. Айнала өлі тыныштық. Тіпті ызыңдауық шегірткеде ауызын буып қойғандай. Ол айналасына жалтаңдай береді. Көздері ескі асханадан өзгені көрер емес. Қаланың құлақ тұндырар шуылы жұтылып кеткен. Тыпырши берді. Біресе сағатына қарап, өзінше ішкі ойымен арпалысуға тырысты. “Сәкен, - дейді міңгірлеп. Ол бақуатты адам. Ал шақырған жері жетінші ғасырда қарақытайлардың соққысынан қирап қалған ескі шаһарға ұсайды. Өз ойына өзі күлімсіреді. Сонсоң ақталмақ боп, бәлкім, мекенжайдан шатасқан шығармын. Аңғал басым” деп шекесін алақанымен тарс еткізіп ұрды. Соққысы қатты болды ма, көзінен ыстық жас ырш ете түсті. Төңірегіне жалтаң қарап, жеңімен жасын сүрте бастады. Арт жағынан естілген аяқ сықырынан секем алып жалт қарады. Сәкен екен.

- Қашан келіп алғансың? Ішке неге кірмегенсің? - деп сұрақты үдете түсті.
- Сүт пісірімдей уақ болды. Сен келгенше бой сергітейін деген тұрысым ғой. Қане, “баста ендеше патша ағзам” деп мысқылдай күлді.
- Ие, сен күлесің, менің қарыным аш. Ер соңымнан, сардарым! - деп Сәкен де қарсы соққы берді. Мараттың маңдайы еріксіз терлеп кетті.
Бағанадан бері кірер ауызын таппай дал болған қу басы қамыстан тоқыла пішілген есікті көріп есінен ауысты. Дәліз бойын жағалай отырып межелеген орынына да кеп жетті. Мараттың ішкі ойы тағы да сандырақтай бастады: “жұпыны жиһаздар, ескі шам. Келушілердің де қарасы көрінбегеніне біраз болған сияқты. Өткір ауа мұрынымды қарып барады. Сау басыма сақина тілеп алмасам болар еді”. Қабырғасымен айқасып келе жатқан ол Сәкен жайғасқан шеткеріреу тұрған үстелдің жанына отырды.
- Аманбысың, балам. Бұл жолы да сол ас па? - деп сұраған егде жастағы, қартаң әйелдің бейнесі көрінді.
- Әрине, бұл жолы екі кесе беріңізші,-деп Сәкеннің жүзі бал-бұл жайнап кетті. Онысын түсінбеген Марат:
- Жиі келіп тұрасың-ау шамасы, ә? Сенен басқа келушілер бар ма өзі?-деп таңырқап сауал тастады. Жоқ, бағанадан бері көкейінде жүрген сұрақты қойды. Қанша тырысқанымен өнімді жауап өндіре алмас, қарсы қарап отырған жолдасына үдірейе қарады. Бір мезеттік эмоциясын, даяшы бұзып жіберді.
- Балам, асыңды ала ғой. Қуат берсін! - деп кейін шегіне берді. Марат бұл жолы шыдай алмады:
- Құдай-ау, тауық сорпасы үшін шыттай киініп, аяқ баспаған аймаққа келгеніміз қызық болды. Әлде, қыстың қамын жаз ойлап, тұмаудын алдын алмаққа жасаған іс-шараларыңның бірі ме? - деп қарқылдай күлді.
- Жоқ, бұл сорпа менің бақытты шағымды алдыма әкеледі.
- Әй, қайдағы бақыт? Сен қызық екенсің, алдымен менің сенімді досым сен ғанасың дейсің де, әкелген жеріңнің сыйқы мынау. Әңгіме сорпа туралы болса “бақыт” дейсің, оның қатысы қандай? Бұның жанында химиялық формулланы шешкен оңай сияқты. Жә-жарайды асымыз сіңімді болсын. Осы тас үйден шығайықшы, мен сені мейрамханаға апармасам..
Сәкен үндеместен сорпаны құштарлықпен іше берді.
- Апа, укроп салмапсыз ғой?
- Қап, балам, сенің келетініңді білмедім. Бізде сорпа көп өтпейтіндіктен алған укроптарымыз ысырап болып, тасталып жатыр. Келетініңді ескерткеніңде алып қояр ем, - деп аспазшы ақтала бастады.
- Әй, Сакен-ай, біздің жайлауда көп шөп дегенің белден келеді. Жазда жаныма еріп барсаң, менің ешкілеріммен жарысып жүріп жейсің, - деп сөзбен қағытты.
Сәкен орынынан оқтай атылып тұрып кетті. Байқағаны көзіндегі жас булығып барады екен. Марат сіресіп қалды. Ләм-мим деуге де шамасы келмеді.
Жанына асхана иесі бағанағы даяшы һәм аспазшы әйел кеп жайғасты.
- Сәкеннің бізге келіп жүргеніне бір жылдың жүзі болды.Ол анасы қайтыс болған уақыттан бері осында жиі болады… Айтуынша, мен оның анасына ұқсайды екенмін.Ал тауық сорпасы анасының сүйікті асы. Әлгі көк шөпсіз шешесіне сорпа батпайтын көрінеді. Бұл жерге келген сайын анасын есіне алып, сағынышын басып кетеді.Кейде мені “Анашым” деп байқамай атап жібергенде жүрегім қарс айырылады. Сен білмеген сияқтысың ғой, ол бүгін саған ешкімге айтпаған сырын ақтаруға дайындалып келген еді, сен оны дұрыс түсінбедің. Иә, ол бақуатты байдың баласы. Бірақ ешқашан қымбат жерден ас ішкен емес. Біз жабылмақшы болғанда асхананы алып қалған да - сол! Анасына деген махаббаты мен сағынышы осы ескі Асхананы сақтап тұр.
Соңғы сөздер Мараттың есіне кіріп те шықпады. Тек сыртқы есікке қарай ентелей берді…

ІІІ

Қазір ескіше көкек айы. “Сәуір болмай тәуір болмас” деген халық даналығы бекер емес сияқты. Табиғат жасыл көрпесін асыра жабынып, күннін жылы шырайынан тоят алып жатқандай. Өткен аптадағы жауынның иісі әлі тарай қоймаған. Қазір Орталық бақтың да дүрмегі жүріп тұр. Анау шығыс жақ беттен аяғын баппен басып, жұқалтың киіммен келе жатқан адамның түрі әлсін-әлсін көрінеді. Әне, оң жақ бүйірінен біреу қолын көтерді. Оның басында күннен қалқалағыш шәпкісі бар демесеңіз, оның киімі де жұқалтаң. Көптен бері көрмеген жандардай құшақтарын айқастыра, төс қағыстырып амандасып жатыр. Айналадағы, адамдардың оларда назары болмағанымен, оқушым, оны сіз бен біз бақылауға тиістіміз. Әлгі “Ескі Асхана” уақиғасынан кейін араларына мызғымас бауырмалдылық орнады. Сәкен баяғыдай томаға тұйық емес. Жүзінде қуаныш бар. Ал, Марат ше? Сол жағдаяттан кейін өз сөзін есептен өткізіп сөйлеуге дағдыланды. Әр айтарында салмақ бар. Қазір екеуі қайда барады дейсіз?! Иә, сол ескі асханаға қарай жол тартпақ.

Біз өмірде мәңгілік дүниенің орын алуы үшін неліктен қателесуге құмармыз? Әлде, бұралаң тағдырмен келген істер көп жасай ма?

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, филология факультеті, орыс филологиясы кафедрасының ІІ курс магистранты.

СЕРТ
(әңгіме)

Уәде – Құдай сөзі
Халық мәтелі

Мектеп жылдары. Мен ол кезде өте мансапқұмар, мақтансүйгішпін. Сыныптың старостасы, мектептің «Жер-Ана» жас экологтар үйірмесінің жетекшісі секілді жоғары лауазымды мансаптар атқарамын. Яғни, қатардағы оқушыдан бір саты биік тұратынымды сеземін. Және осы биігімнен құламау үшін, керісінше, қайтадан жоғары, түу биікке өрлей түсу үшін үздік оқуға тырысамын. Оның бәрі – өршіл мінезіме тән құбылыс. Сынып түгілі, күллі мектеп оқушылары мені «профессор» дейтін. «Мұның білмейтіні жоқ», «Энциклопедия» , «Білмейтіні жер астында» деген сықылды сөздерге құлақ етім үйреніп қалған.

Сондай күндердің бірінде сынып жетекшіміз Қаламқас Нұрболатқызы: «Сендер енді 7-ші сыныпты да тәмамдайсыңдар. Үш ай демалыстан соң, 8- ші сынып боласыңдар. Енді сендер туған ауылымыз – Аршалының тарихын білулерің керек. Ол үшін үш ай демалыста текке жатпай, ауыл туралы, бұрынғы колхоз туралы мәліметтер жинаңдар!» – деді. Бәріміз ұстаз тапсырмасына келіскендей, басымызды иіп, ишара таныттық. Айбар деген сыныптасым бар, менімен бәсекелес, әлде қарсылас па, ол жағы маған түсініксіз... Сол сынып алдында өзіне ұпай жинамақшы болып:

– Апай, біздің сыныптың старостасы – Сырымның білмейтіні жоқ қой. Ол – біздің сыныптың «профессоры!» Сырым, өзіңнің көшең жайлы айтшы? – деп, маған қарап бір көзін қысты. Барлық сынып оқушыларының назары маған қарай бұрылған. Өзімнің биігімнен құламай, сынып алдында еңсемді түсірмеу үшін өз көшемнің тарихын ақтардым:
– Біздің көше – Аршалы ауылындағы орталық көшенің бірі. Көшенің аты – Қазақтың тұңғыш космонавты Тоқтар Әубәкіровтің құрметіне берілген, – дедім. Сыныптастарым менің табан астында жауап бергеніме қуанып, ду қол шапалақтады. Сол қошемет-құрметке марқайып тұрғанымда, Қаламқас апай:
– Сырымжан, сен қателестің. Ол көше – Тоқтар Әубәкіровтің емес, Жұмаділ Әубәкіровтің атына берілген, – дегені сол еді, мен де сынып алдында еңсемді түсіргім келмей:
– Апай, Жұмаділ деген кім? Жұмаділ дегенді бұрындары естіген емеспін. Бәлкім, Тоқтар Әубәкіров шығар, – деп қоймадым. Менің жеңілгенімді пайдаланып, Айбар іле-шала:
– Сырым-ау, сенген қойым сен болсаң!.. – деп мені тағы сөзбен түйреп өтті. Сыныптағылар тегіс қарқылдап берсін. Сол күлкі – мені жер қылды. Бетім қызарып, айыпты болған баладай басым салбырап, жүрегім тулап тұр. Сонда апайым:
– Жұмаділ Әубәкіров – біздің даңқты жерлесіміз. Ол – кешегі 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан әскери капитан, – деп біздің өз ауылымыз туралы әлі ештеңе білмейтінімізге қатты налыды. – Естеріңде болсын, туған ауылының тарихын білмеген бала, болашақта оның көркейіп, дамуына үлес қоса алмайды! – дегені сол еді, қоңырау шар ете қалды. Осы қоңырау мені тығырықтан шығарған « құтқарушы періштем» секілді болды. Алайда мұғалімімнің соңғы сөзі қатты әсер етті.
Анам мен әжем үнемі: «Сырым бізді ешқашан ұятқа қалдырмайды! Ол – ертең керемет мамандық иесі» болады дейтін. Менен үміт күтіп отырған екі адамның бірдей сенімін ақтай алмай сынып алдында оларды ұятқа қалдырдым. Айбар секілді сыншыл сыныптастарым үйлеріне барғанда бүгінгі жағдайды ата-аналарына айтса... масқара, арты не болмақ! Не болса да, қайырлы болса екен...

Ауыл – шағын. Енді мені бүкіл мектеп мазақ қылатын болды. Анам мен әжем үшін, сынып жетекшім үшін – туған ауыл тарихын бес саусақтай тарқататын, тамыры терең Отан тарихын жетік білетін азамат боламын деп, өзіме серт бердім. Осы жолы оңбай күйредім, бірақ алдағы күндері қайтсем де бәрін қалпына келтіремін. Нағыз жігіт өз сертіне қиянат жасамайды. Енді мен сынып алдында, ауыл алдында өзімнің ауыл тарихын білетінімді дәлелдеуге тиіспін. Өйтпесем... апайымыз айтқандай, азаматтығым қайсы?!.

***

Қыркүйектің белортасы еді. Желтоқсан дегеніңіз иек астында тұр. Уақыт шіркін сынаптай сырғиды. Әжем мен Нұрғайша тәтемді ертіп алып, ауылдық кітапханаға бардық. Кітапханашы Қадиша апай бізді әдеттегідей құшақ жая қарсы алды. Әжем мен көрші тәтем мән-жайды тегіс айтқан соң, кітапханашы:

– Сырым ала жаздай кітапханада жүрді. Әр кітапты байыбына барып, мұқият қарап, оқитын. Қазір мен өлке тарихына қатысты кітаптарды алып келейін, – деп кітап сөрелерінен бізге керекті кітаптарды тауып берді. Кітаптарды үйге жаздырып алып, анам Гүлжанар екеуміз бірге оқыдық.

Кешқұрым шай үстінде әжем бұрын-соңды естімеген қызық әңгіме қозғасын.

– Мына Нұрғайша тәтеңмен отыз жылдан астам көршімін. Бұл – Жұмаділ батырдың немере келіні. Мына іргедегі Қызылжар деген ауыл бұрын 11-ші бөлімше деп аталатын. Осы бөлімшеде Әубәкір деген ақсақал болған. Оның төрт баласы бар еді. Төрт баласының екеуі соғысқа кетіп, Отан қорғау жолында шейіт болды. Сол екі ұлдың бірі – Жұмаділ. Оның артында жалғыз қызы қалды. Осы ауылда тұрып, курортта дәрігер болған. Қазір Алматының маңында тұрады. Өте тағдыры қиын әйел. Бізбенен замандас, – деді де, көзіне жас алды. – Аты – Рена. Өзінің әкесін көрмеген. Әкесі соғысқа кеткенде ол іште қалған. Тағдыр оны маңдайынан сипай қойған жоқ. Ол да сен сияқты нағашыларының қолында өсті. Жұмаділді ауыл тұрмақ, Ренаның өзі де біле бермейді. Асыл ер ұмыт қалды-ау, ұмыт қалды, – деп Жұмаділ батырдың жалғызы туралы айтып, көңілімді аулады. Түнімен дөңбекшіп, төсегімде жата алмадым. Батыр жауынгердің қызы ¬ - Ренаны көзбен көріп, тілдескім, әкесін тірілткім келді.

Таң атысымен әжем екеуміз көршінің үйіне бардық. Мұражай - кемпірдің үйіне кіріп, атасының суретін көрдім. Сұлу, реңді, айбатты кісі болған екен. Батырдың суретін қолыма ұстап тұрып:

– Нұрғайша тәте, атаңыз жайлы айтыңызшы? Рена апамен танысқым келеді, – дегеніме көршім сүйсініп, көз жасын бір сығып алып:
– Жұмаділ атам, №100 атқыштар бригадасында әскери комиссар болған. Мәншүк Мәметова, Әзілхан Нұршайықовтарға әскери шеберлік курсын өткізген. Жоғары дәрежелі «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің кавалері. Отыз екі жасында жер жастанған арыс қой! – деп бізге шай құюға кірісіп, әңгіме ауанын басқа арнаға бұрды. Бәлкім, шерменде жүрегі ауырған болар. Мен де қазбалап сұрамадым.

Үйге келген соң, көршім жинастырған құжаттарды ақтарып, қарай бастадым. Жұмаділ – өте сауатты болған екен. Ол Ташкентте, Ашхабадта білім алыпты. Орыс, латын тілдерін жетік меңгерген. Жазған хаттары, құжаттары бәрі орысша, латынша жазылыпты. Соғысқа дейін Алматыдағы өрт сөндіру басқармасында басшылық қызметте болыпты. Оқып алып, таңқалдым. Ол кезде ілуде біреу болмаса, қазақтың қара домалақ баласының билік басына келуі екіталай еді. Әмбе тарихтан білуімше, ол кезде қазақтың оқығандарын нақақтан-нақақ Итжеккенге айдап, түрмеге тоғытқан емес пе?!

Менің ғылыми ізденіс жолым осылай басталды...

Өкініш

Сабақ бітіп, демалысқа шыққаннан кейін үйге Нұрғайша тәте келіп, әжеме:

– Зейнеш, мен жақын күндері Алматыға кетпекшімін. Рена екеуміз Әзілхан Нұршайықовпен кездесуді жоспарлап отырмыз. Сен менің қасыма Сырымды қосып бер, әйгілі батыр-жазушыны көріп, кездесіп, батасын алып қайтсын, – деді.
– Жолына ақша тауып беремін, барсын, көрсін, – деді әжем. Бірақ, өзімнің сол кездері көңіл-күйім болмады. Әмбе ғылыми жұмысты жалғастыруға ниетім де жоқ еді. Желтоқсандағы қиянат жүрегіме кірбің түсіргені соншалық өзімнің сүйген ісімнен жеріп кеттім. Ойлаңызшы, өзіңнің аңсарың ауып келген, жүрегің қалаған сүйікті ісіңнен, өмірлік арман-мақсатыңнан бас тарту деген оңай ма?! Оңай соқпады. Үміт күтіп отырған үш әйелге:
– Мен бара алмаймын! Демалғым келеді. Әзілхан атамен кейін бір кездесермін, – дедім де, қитығып өз бөлмеме кіріп кеттім. Жыладым. Бұл жас – қиянат жасаған адамдардың кесірінен аққан жас еді.
Әттең, сол кезде баруым керек-ақ еді... Қайран, Әз-атам да дүниеден өтіп кетті. Әзілхан ата бұл дүниеден өткен күні – өзімнің қырсық-қыңыр мінезіме қапаланып, ішім қан жылады. Ең үлкен өкінішім – Әзілхан Нұршайықпен кездесе алмауым.
Нұрғайша тәте махаббат жыршысы атанған жазушының өз қолтаңбасы қойылған кітабын естелікке сыйлады. Жеке кітапханамдағы ең құнды дүнием – Әзағаның қолтаңбасы бар «Боздақтар» деген кітабы. Бұл кітаптың он сегізінші бетінде менің ауылдасым капитан Жұмаділ Әубәкіровтің көзсіз ерлігі туралы жазылған.
«Сырымжан, талабың оңғарылсын!
Егер әскери шенді капитан, батальон командирі Жұмаділ Әубәкіров Ұлы Отан соғысы майданына 8 рет кіріп, ерлікпен қаза таппаса, бүгін Маршал болмаса да, Талғат Бигелдинов сияқты генерал болатын еді. Іске сәт!
Ізгі ниетпен, жер басып жүрген ең соңғы майдангерлердің бірі – жауынгер атаң
Әзілхан Нұршайықов,
Қазақстанның Халық жазушысы.
23.07.2008 жыл, Алматы»

Бұл қолтаңба – тарих, әдебиет саласына келуге іңкәрлік танытып, аңсары ауып жүрген жас талап иесіне берілген жүргізуші куәлігі секілді қасиетті құжат.

***

Бұйырған тағдырдың дәмін татамыз. Қарсы соққан дауылға төтеп берер күш-қайратымыз бар. – Батаңды бер, – деген жас жігіттің отты сөзіне қария шын қуанып, көзінен қайғының емес, қуаныштың лағыл жасы ақты. Ыстық жас жігіттің алақанына тамып жатты. Әке-бала боп, бірін-бірі риясыз түсініп, ұзақ уақыт құшағына қысып тұрды.
– Жарқыным, мұхит тағдырдан өтер қайығыңның ескегі берік болсын! Бердім ақ батамды. Ғұмырлы бол, тұғырлы бол, – деп маңдайынан сүйіп, жігітті ұлы жолға шығарып салды.
Иә, серт!