Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
logo

Тұрсынбек КӘКІШЕВ Жазушы, филология ғылымдарының докторы

ҚОС ҚАНАТТЫ ДАРЫН.

Алпысты алқымдап отырған Әзілхан Нұршайықовты майданнан оралған кезден бері білемін.
Жалғанда бұйығы адамның сырын алудан қиыны жоқ.

Мақтасаң – тасып, даттасаң – ашуланып, қолпаштасаң – желігіп кетпейді. Көк мәрмәрдан жасалған бейнеден айнымайды ғой. Сонда да баяғыдан бері сезіп жүргенімді, шәпеті тұлғада алыпқа бітер жүрек, үлкен адамгершілік барын көзіммен көрдім. Оны сіздер «Келес коммунистері» деген тамаша очеркінен аңғарған да шығарсыздар.

Әзілхан Нұршайықовтың сөзі мен ісі арасында алшақтық болмайтыны сияқты, әлеуметтік тірлік пен жеке бастың, мүддесі арасында да айырма жоқ екен. Келес өңірінде МТС алғаш кұрылған кезде басшы болғаң Қарлыбаев есіміне байланысты арық, бау-бакша, жер-су аттарының сырын іздестіруі, Ұлы Отан соғысы жылдарында атты әнге айналып, жырға қосылған Социалистік Еңбек Ері Рыскүл Мақатовамен дидарласып, сұхбат кұрған тұстағы түр-тұлғасы, іс-әрекеті маған оның журналистік шеберлігін, жазушылық мұратының  биіктігін әбден танытқандай еді.

«Жақсы көңіл жазушыға екі есе керек», - деп айтатын ой-пікірінің өз өмірінен түйілген түйін екенін көрдім. Өйткені осындай кездесуде өзін байытып, дидарласқан адамын өсіріп, тасытып тастайтын карапайымдылығы кім-кімнің болсада жан сырын ақтарарлық дәрежеде екен. Miнe, осының өзі журналист Әзілханның очерктеріне де, жазушы Әзілханның қолынан туған көркем шығармаларға да шыншылдық дарытып, шынайы қалпымен жанды бейнеде көрінуге жағдай жасайтын көрінеді.

Жол үсті — адамды танып білудің ең бір қолайлы сәті. Осыған Әзілхан Нұршайықовтың «Автопортрет» кітабын оқығанда тағы да көз жеткіздім. Тың игерушілер жайын мақсат тұтқан Мұкан Иманжановтың Павлодарға барып, Әзілханмен сапарлас болуы өмірлік достық қана емес, қа¬зақ әдебиетіне өнімді де алғыр қаламды алып келген екен.

Ираклий Андроников үлгісіндегі ауызша әңгімеге қазақта Жекен Жұмаханов пен Әзілхан Нұршайықовтай шеберді әлі кездестірген емен. Өзінің ауызша әңгімесімен Мұқанды әбден «жаулап» алыпты Әзағаң сол жолы. Ол әңгімелерден жазушылық сипат көрген Мұқан: «Жаз, жаз, кағазға түсір»,— деп қасында жүргенде де айтып, жолдаған хатында да ұмытпаған. «Жазу керек! Жазу керек! Ішінде талай сырың бар, өнерің бар, өзіңді қинап жүрген күйлерің бар. Білемін! Шығару керек сыртқа, айту керек басқаға!»— деп қоймаған.

Ал, «Алыстағы ауданда» атты очерктің әлі еш жерде жарияланбаған қолжазбасы қолына тигендегі Мұкан Иманжановтың қуанышының сырын біз қазір айкынырақ тусінгендейміз.  Ол  кезде,   1955  жылы  айту — көрегендік. «Кәдімгі шын өмірден көркем әңгіме жазудың жолын тарттың. Бұл — зор еңбек. Мұны сен өзің  де   іштей   сезінесің. Бірақ бойыңа біткен кішіпейілділікпен елеусізденіп, кішірейе бересің. Жетеді! Әрине, кішіпейілділікті жаным жақсы көреді. Дегенмен, өзіңді тым кішірейте берме. Егер мен әдебиеттен   бірдеңе  түсінсем,  сендегі  талант  талайларды кызықтыруға  тиіс.  Тек сенде әзірге  бір  нәрсе жетпейді, еркін   сезінбейсің.   Осыдан   арыл,   кұлашыңды   іркілмей сілте!»—дегендерді Әзілхан есіне алғанда, өмір бойы айтар мың алғысын: «Менің Горькиім  Мұқан   болды»,— деп әдемі жеткізеді.

Адамгершілік қарапайымдылығынан айрылмай келе жатқан Әзілхан Нұршайықовтың алпыстың өріне шыққанда тындырғаны не, өзіндік қандай әшекейі бар, алар асуы қай жақта?—деген мәселені қозғар сәт жеткен сиякты. Өйткені қазір бабына келген тұлпардай, әдебиетіміз бен журналистикамыздың көгінде еркін сілтеп келеді. Шапқан сайын қарқын косып, өз ерекшелігі мен шеберлігін айқынырақ танытуда. Нұршайықовтың стилі мен ізденісі айқындала бастады.

Әзілхан Нұршайықов «Мен — журиалиспін» деген кітап шығарды. Бұл атаудьң ар жағында мақтан да бары сезіледі. Өйткені творчестволық өмірдің осы көрігінен шықкандардың, оның төс табанында шыңдалғандардың көргендері, естігендері, кездескендері көп болмақ. Содан да шығар, он-он бес жылдың деңгейінде журналистика саласынан әдебиетке құйылып жатқандар тіпті кеп. Оның жақсылығы не, жамандығы қайсы?—дейтін мәселе күн тәртібіне қазір бар болмысымен қойыла бастады.
Әрине, газет-журналсыз ақын-жазушы жоқ. Ертеректе жаңа әдебиетіміз жасалар кезде, бар жазушымыз газет-журналдан қанат қомдады, ал бертін келе, мамандық шекарасы ажыратылды да, орта буын өкілдерінен Жекен Жұмаханов пен Әзілхан Нұршайықов екеуі прозаға «қол сала» берді. Сөйтіп, бойға біткен дарынның өзін егіздей, егізді  тұтастай  етіп,  қос   пырақпен   әдебиетімізге  енді.

Әзілхан « мен – журналист жазушымын » дегенді әдейі қосақтай айтады да, биязы қалпынан өзгермейді. «Жазушыға айналып, журналистикаға опасыздық жасадың, әлі де журналистикадан ұзап кете қойған жоқсың», дегендерге үндемей, миығынан күліп жүре береді. Мақтағанға да, даттамақшы болғанға да сабырлығымен жауап береді.
Журналист  пен  жазушыньщ өрісі – өмір,  өнері – сөз. Қойы қораластық осыдан шығады егер шын талант иесі болса, Ә. Нұршайықовтың әлеуметті бірден елең еткізген шығармасы — «Алыстағы ауданда» атты очеркі. Мұнда өмірдің күре тамырын ұстаған, оны бүге-шігесіне дейін білетін, тіпті, кейбір мәселенің басын өзі қайырып жүрген автордың, позициясы айқын, мөлдіреген ажарлы тілі айрықша тартымды. Мұқан Иманжановтың құшағын кең ашып, шөкімдей інісінің қолжазбасын «Әдебиет және ис¬кусство» журналына апарып беруі, орысшаға аудартып, әлек-шәлек қана емес, қуанышты әбігерге түсетіні осы¬дан. Қандай жаңалығымен келгендігін Мұқан, шынын ай¬ту керек, дұрыс көре білген.

«Қазақ очеркіндегі жаңалық деп бағалаймын. Жұп-жұмыр арқауы бір босамайды, адамдар мінезімен, түр-кескінімен көзге елестеп отырады. Жай ғана жиналыстан, ешбір сюжет табуға болмайтын сияқты қарапайым жина-лыстан мұндай әңгіме тудыру – өмірді зерттегіштік, шеберлік. Иә, иә, бұл –әңгіме. Мұнымен очерк жазуды біраз қиындаттың. Несі бар, дұрыс! Қиындасын. Қолымыздан келмейді екен, әуреленбейік, бұл жанрды қорламайық!» – деген Мұқанның өрелі ойы күні бүгінге дейін көркемдік та-лап ретінде қала бермек.
Әзілхан әр очеркінде нұрлы келешекке апарар жолдан таймай, шеберлігін ұстарта түскені әмбеге аян. Сондықтан 1956 жылғы «Алыстағы ауданда» атты кітабынан кейін «Тың астығы», «Ертіс жағасында», «Жомарт өлке» жинақтары арасына жыл аралатпай шықты да, Әзілхан тың төсіндегі атойлап соққан өмір жүрегінің сақшысына айналды. «Алтын сокпақ» (1967), «Жер туралы жыр» (1974), «Мен журналиспін» (1978), онан бері газет-журналдарда жарияланған шұрайлы очерктері «Келес коммунистеріне» дейін желі тартып, өмірмен қоян-колтық араласқан жур-налист жазушының  творчестволық  ізін  танытады.

Қарымды қалам иесінің шеберлігі барған сайын толыса түсіп, жазушылығы көркем образды сомдап соғуға, әдемі штрихтармен өмір шындығын жарқыратып көрсетуге жағдай жасаса, журналистігі бүгінгі өскен өркенді публицистік ағынмен екпінді жеткізуге, аз сөзге көп мағына берерліктей ықшамдыққа, жинақылыққа бастап отырады. Әзілхан шығармаларының сағыздай созылып, көбіктей көпірмеуіне егіз дарынның бақытты одықтасуы, тұтасуы себепші.

Әриие, Әзілхан Нұршайықов қолынан шыққандардың бәрі де маржан деп    ешкім    айта    алмайды,   бірақ қазақ очеркінің бағасын арттырып, базарын қыздырғанына, көркемдігін биік өреге көтергеніне   ешкім   шүбә   келтірмейді. Бұл – Әзағаңның  «газеттің романы, журналистиканың ең үлкен жанры – очеркте» шыққан шыңы, қолы жеткен табысы.  Әзілханның: «Очеркті шекара жанр деп те атауға болар еді. Бұл – журналистік пен жазушылық шекарасы. Журналистиканьң бұл үлкен   жанрын   игерген   талантты журналист осы шекарадан   өтіп,   жазушылыққа   бет   қояды»,— дегенінің   растығын   көркем   туындыларынан   анық көреміз.

Әзілхан өз жүрісінен   танбады,   асықпады,   өрекпімеді. Очерктері мақталып, автор абыройы асқақтап, қызмет дәрежесі жоғарылай түскен   сайын, оның   жазып   жатқаны түгіл, қасыңнан өткені білінбейтін ибалы қарапайымдылығы күшейе түсті. Нанбасаңыздар, «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып, оның тиражын екі есе өсіру қамына кіріскен шақта жазған «Сапар сазын» оқып көріңіздерші. Қызмет   басындағы   жігіттердің   характерлері, ісі мен сөзі, өтініш жасап жүрген редактордың кескін-келбеті, түр-тұлғасы көркем шығармадағыдай оқылып, журналистік көзінің көрегендігі, жазушылық қаламының ұшқырлығы мен бейнелілігі сізді еріксіз тәнті етеді.

Әзілхан әдебиетке бүгінгі өмірді қанша көп көріп, қыр-сырын терең біліп келгенімен, қазіргі жастардай романдата қойған жоқ. Әңгіме мен повестің жүгін арқалайтын тартымды хикаяларымен көрінді. Оның өзінде де анық білетін, сезініп-түйсінген, әбден көзі   жеткен   өмір   шындығын суреттеді  және  келістіре,   нақышына   келтіре,   елді  сүйсіндіре суреттеді.  Көркемдік  нәрі  бар лирикалық  шағын повестерімен әдебиет табалдырығын имене аттады Т. Ахтановтың «Махаббат мүңы», С. Шаймерденовтың «Мезгі-лімен» үзеңгілес   көрінді.    «Ескі дәптердегі»    Қабира мен Әлкен,   қызыққыш   көзді   қытықтаған,    қылтың-сылтыңға мәз боп, өмірден опық жеген Ботакөз, оған құмартқан Еркеш, дәстүрден ада қалып,   азап шегетін   Әсем, оның нақ сүйері Ақан, адамгершілікті аялаған Асылкүл, Ұлы Отан соғысында   азаматтық   міндетін   адал атқарып, зағип болып оралған Әділжан, екі аяқты тізеден кесіп бергеніне қарамай, бүгінгі   шаттық   еңбектің   қайнаған   ортасында жүрген шопан Хамза   Ақжоловтар   қазақтың   лирикалық прозасының  көсегесін  көгертті,   авторына   абырой  әперді, көркемдік үлкен жауапкершіліктерге бастады. Оны әдебиет сыны ғана емес, сол кезде жазылып жатқан әдебиет тарихы да ілтипатқа алды.

«Ә. Нұршайықов – әдебиеттің әңгіме, повесть, новелла секілді шағын жанрларында жарқ етіп көрініп, өнімді еңбек етіп жүрген жазушы. Оның қаламынан туған «Ескі дәптер», «Махаббат жыры», «Әсем», «Ботакөз» атты лирикалық повестер – бүгінгі прозаның аясына өзінше жаңа леп, жаңа бояу қосқан шығармалар» («Қазақ әдебиетінің тарихы». 1967. III том, 131-бет) –деп бағалануы келешекке артқан үміттің алғашқы жауапты сөзі еді. Олақ жазушының қопсыта жазған әңгімесінен де қысқа, шағын, етек-жеңі жинақы повестерінде Әзілхан Нұршайықов кейіпкердің жан сырына терең үңілу, албырт сезімдерді аялау, қосалқылығы сезіліп тұратын детальдардан іргені аулақ салу, психологиялық толғаныстарды жеткізіп суреттеу, сөйтіп, шығарманың композициялық шымырлығын ширата беру сияқты көркемдік «құрал-жабдықтарды» әбден игергендігін байқатты және үлкен үмітке шылбыр тастап отырды.

Қалың оқырман алданып қалмады. 1970 жылы «Махаббат, қызық мол жылдар» атты тұңғыш романын жазып бітірді. Қолжазбаны жолдастық парызбен алғаш оқыған көрнекті ақынымыз М.Әлімбаев роман авторына: «Суынбай тұрып, ыстық күйімде айтсам, шарап бермей масарттың, жиырма бес жасқа жасарттың... Жеңісіңмен құттықтаймын! Азаматсың, азаматсың!» – деп жазғаны қалың оқырман қауым хаттарының қарлығашы болды.

Ә. Нұршайықовтың «Таңдамалысының» бірінші томына жазған түсіндірмесінде Н.Шәкеев: «Роман 1970 жылдың аяғында 52400 дана боп шықты. Роман қалың оқырман қауымды дүр сілкіндірді. Авторға, баспаға, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне жүздегеи алғыс хаттар жауды. Барша студент жастар, әдеби жұртшылық әр түрлі мамандықтағы, алуан қызметтегі кәрі мен жас романға тегіс ризашылық білдірді», – деп келесі жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің ыждаһатымен қайтадан 60 мың тиражбен шығып, орыс тіліне аударылғанын хабарлаған.

Роман қазақ әдебиетінің жетпісінші жылдардағы өркендеуінің елеулі шығармасы болды. Қазірде де оқушы қауымньң қолынан түскен жоқ. Мұқабасы тозып, беттері жыртыла кірлеген кітаптардан бақытты туынды жоқ, сондай қуаныш-шаттыққа Әзілханның осы романы кезікті. Алайда бір айта кететін жай, біздің кейбір сыншыларымыз романда сентиментализм жұрнағы бар, махаббат азабы нандыра бермейді, оқушыға осы жағымен ғана ұнағысы келеді деген қаңқу сөзді айтып қап жүр. Ондай ертелі-кеш айтылған қысыр ойларды уақыт пен қалың оқушы әлеумет мансұқ етіп, аяқ астына тастағалы кашан! Оған Ә.Нұршайықов шығармаларының орыс, қазақ тілдерінде желісіп үзбей көп тиражбен шығып, тез арада етіп кететіні нақты жауап.
Әзілхан енді атақты «Ақиқат пен аңызға» кірісті, «Темірді қызған кезде соқ» дейтіндіктен емес. Бауыржан сықылды ойы алғыр, көзі көреген, тілі өткір, үлкен өмір сынынан өткен адам арқылы жаңа заманда ұлы жаңалыққа кенелген, еркін бой жазған қазақ халқының бүкіл сыр-сымбатын әскери тақырып арқылы көрсетуді көздеді. Ол мақсатына жетті де.

«Ақиқат пен аңыз» өзінің өрелі ойымен ғана емес, жаңа түрімен де қадірлі болды. Роман-диалогты алғаш жазып, басқаларға үлгі көрсеткені — бүкіл әдебиетіміз үшіи аброй. В.Чивилихиннің биыл Мемлекеттік сыйлық алған «Память» есімді роман-эссесінде диалог формасының дамытыла түсуі де біз үшін қуаныш. Демек, үлгі-өнеге көрсету талант куатына байланысты.

Бірақ Әзілханның монолог түрінде жазылған «Тоғыз толғауы» алдындағы романындай биік өреден көріне алмады. Сюжеттік желіні өз қолына ұстаған Мәлік Ғабдуллиннің образы сомдала қоймағаны да бұған себепші болған. Демек, новеллалардың басын қосып, көркемдігі тұтас дүние жасауға жаңа форма өз жәрдемін тигізбегенін айта кеткен орынды.
Соңғы жылдары Ә.Нұршайықов очеркке қайта айналып соғуда. Ақ мақталы аймақ та, мал есірудің академигі Жазылбек Қуанышбаевтың үлгі-өнегесі де, тың өлкесінде ел байлығын Азық-түлік программасына сай тасытып жатқандардың кажырлы еңбектері де газет-журнал беттері мен теледидардан жиі көрінуде. Бұның өзі үлкен шабуыл алдындағы барлау сияқты. Көптен бері «Журналистер» және «Коммунистер» атты жаңа романдар жазбақ боп толғанып жүргені оқушыларға мәлім. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының майданында қанды соқпадан өтіп, Брест қамалын азат етіскен 100-бригаданың жауынгерлік жолы, Мәншүк Мәметова сынды арулардың, Әбілқайыр Баймолдин сынды батырлардың ерлігін СССР Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі архивындағы материалдармен ті-рілтпек ойы бар.

Әзілхан Нұршайықов қазір кемел шағында. Қанаты қатты, буыны бекіді, көркемдік шеберліктің кыр-сырларының калай жарқырап көрінетініне әбден қанықты. Еркін сілтеудің жөн-жосығын баяғы бұйығылығы тұсаулай бергенімен, оқырман қауым өзінің сүйікті жазушысын кеп ішінен айнытпай танып алатын дәрежеде.

«Дәуір дидары » жинағы, 1982 ж. 276-282-беттер