Сейсенбі, Қыркүйек 25, 2018
logo

Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ, профессор - жазушы.

Мен Әзілхан аға шығармаларын 1956 жылдан: «Алыстағы ауданда» атты проблемалық-талдамалық очеркінен (ол жылдарда ол очерк деп бағаланған, солай деп танылған, сол аркылы оған сол жылдарда «Қазакстанның Овечкині» деген атақ та берілген, ал шынында, ол очерк қазақ көркем әдебиет тарихындағы жаңа жанр – тұңғыш деректі повесть болып табылатын) бастап, онын шығармаларын күні бүгінге дейін үзбей оқып келе жатқан қарт окырманнын бірімін. Әз-аға шығармаларын шын сүйсіне, шын тәнті боп оқитын оқырмандығым сондай, өзім сатып алған, оның өзі сыйлаған Әз-ағаның туындылары үйімдегі шағын кітапханамда ерек бір сөре!

Сондықтан мен оның жарты ғасыр бойғы тұрақты окырманы болғандықтан да, былайша да (1966 жылдан) таныстығым барлықтан да өзімді Әз-ағаны бір кісідей білетін адаммын деп ойлайтынмын-ды!

Сөйтсем... Асқар таудың алыстан сыртқы сұлулығын ғана көрсетіп, ішкі сұлулығын өзіндік сыр етіп жасырып тұратыны, алыптардың өз құ-діреттерін онша аңғартпайтыны, даналардың өздері жайлы даурықпайтыны, әулие, абыздардың кішіктігі, қарапайым болатыны, батыр-лардың батырлықты шайқаста ғана көрсететіні сияқты, Әз-аға да өзін «көрсетпейді» «андатпайды», «даурықпайды» екен. Ол да өзінің сырын, сипатын, тұлғасын сыртқа жарқыратпай, оларды туын¬дылары астарларында әлгі аталғандардай, «құпия» сақтайды екен.
Мен Әз-ағаның «Жиналыс» деген очеркін «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде қызмет істей бастаған сонау 1955 жылда-ақ оқыған адам¬мын ғой! Содан бері мен онын 90-шы жылдардың басына дейін жарық көрген 20-30-дай көркем туындыларын, ондаған газет-журнал очерктерін, сұхбаттарын университетте очерк жайлы дәріс оқып жүрген шағымда шетінен «кемірген» жанмын. Оның үстіне, бұдан біраз бұрын Әз-ағаның 2000-шы жылы жарық көрген екі соңғы туындысын: «Қаламгер және оның достары» деген эпистолярлық романы мен «Өмір өрнектері» атты күнделік-роман-эпопея-сының бірінші кітабын, жаңа жанрлы ғажап дүниелерін оқып шыққаным және бар.

«Махаббат, кызық мол жылдарды» бір тыныспен қайыра тұтас оқып тастадым!  «Ақиқат...» та осындай магнитімен өзіне тартты. Әз-ағаның «Махаббат жырын» да, «Ұлыма хатын» да, «Екі естеліктерін» де, «Әсемін» де, «Ботагөзін» де, «Автопортретін» де қайыра сүзе қарауға тура келді. «Қаламгер және оның достары» мен «Өмір өрнектеріне» қайыра ерекше шүйілдім. Әсіресе, соңғы туындыға. Оны оқып қана койғаным жоқ. Енді оны «зерттедім!». Сол арқылы осы күнделік-роман эпопеядан Әз-ағаның шын кім екенін терең танып білдім енді, – деп бар дауыспен айта алам! Қайта   таныған,   терең білген Әз-ағаныңтағы кандай ғажап касиеттері бар? Бұл кісі кім өзі?

1) Әз-ағаң жалықпас құмырсқа іспетті – Еңбекқор! Оның басты дағдысы да, сүйері де, сүйікті сөзі де: сол еңбек! Ол: «Еңбек – ер етеді»,  – деп біледі. Бұл сөздер оның өмірлік негізгі ұраны.Сондықтан да ол қайда жүрсе де, қашан да шығармаға ерінбей еңбектеніп, қажетті материал жинайды. Бар уақытын жазу, оқу қарекетіне жұмсайды. Сондықтан да оның ең жек көретін сөзі «Шаршадым!».

2) Әз-ағаның ең қадір тұтатындары: Адалдық, Адамгершілік, Әділдік! Оның «Адалдық – айбынды қару, адалдың айдыны күшті» (476), «Адамның адамгершілігі үш жағдайда лаулап көрінеді: махаббатта, еңбекте және ерлікте», «Әділдік – табиғаттың үлкен сыйы», «Әділдік пен адамдық – адамның ең үлкен қасиеті», «Адалдығым – бір байлық, әділдігім – бір байлық» деуі содан.

3) Әз-ағаңның қастерлейтін қадір тұтатыны: «Шындық!» Ол: «Тәтті өтіріктен ащы шындық артық!» деп біледі.

4) Әз-ағаның ең жек көретіні: Мансапқорлық, төрешілдік, жағымпаздық! Атаққұмарлық, нысапсыздық.        

5) Әз-ағаның өзіне қоятын басты талабы: Тәртіп! Сол себептен ол «Тәртіп– адалдық арқаны» деп біледі.

6) Әз-ағаның ұстанған өмірлік басты мақсаты: «Өзге үшін өмір сүру!» «Өзгелер үшін өмір сүр. Сол үшін коғамға қажетсің!», «Тудың – тұтандын, өлдің – өштің. Ел үшін етер ісіңді тіріңде тиянақтап, тындырып кет!» Ол өмір сүрудің мәні осында деп біледі.

Сөйтіп: түйіп айтсақ, алдыңыздағы мәшһүр суреткердің санап тауысқысыз пенделік асыл қасиеттерінің бастылары, міне осылар! Ал, өзі ше? Тұтас алғанда, ол: алдымен, жаратқан хақтың өзі тумысынан сөз зергерлеуге, ой, сезім өрнектеуге әдейі жаратқан адам! Ол қанындағы, жанындағы сол ғажапты – талантты тынымсыз еңбегімен үнемі ұштарлап, өрбітіп, дамытып мызғымас кәсіп-дағдыға айналдырған ерек суреткеріміз!

«Өмір өрнектері» туындысының мәнін автор «Автордан» деген беташары мен «Окырманға хатында» айткан. Рас, автордың беташарында айтқан: бұл туынды «... стол басында отырып жазылған кітап емес!.. Онда менің за-мандастарыммен түрлі жағдайларда кездескенде, со¬лармен танысқанда, солардың оқиғаларын білгенде туған ой ұшқындары: теңеулер, түйіндер, тұжырымдар, диалогтар, мөлтек әңгімелер бар... Жазушының ол ой ұшқындары: нақыл, теңеу, тіркестер, хикаялар, жазушының шығармашылыкқ лабораториясы», - деуі орынды. Олар дау тудырмайды. Ол дегендеріне мен де толық қосылам.

Тек соларға өз тарапымнан қосарым төмендегілер:
«Өмір өрнектері», шынын¬да, тұтас алғанда: 1) өмір; еңбек; адамдыкқ қасиеттер, олардың қыр-сырлары; ма¬хаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық; еркек-әйел, ата-ана, қыз-жігіт, кәрі-жас – жалпы адамдар қатынастары, олардың қарекет-қылыктары, мінез-құлықтары, бақыт, талант, ұлы адамдар; түрлі мамандық иелері; өнер сырлары (жазушылық, ақындық, журналис¬тік; өмірлік күрес, қақтығыс; достық, жолдастық парық, түрлі кәсәпаттар, т.т. жайлы толғаулар).

2) Онда да, өзге көркем туындылардағы сияқты жағымды, жағымсыз кейіпкерлер бар. Мәселен, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Бауыржандар. Олар заманда, уақыт ауқымында (фонында) жалт етіп көрініп отыратын кейіпкерлер. Осыларға қоса, әрі солармен қатарлас, сол заманда, уақыт ауқымында аттары аталып, түстері түстелмеген төрешілер де, мансапқорлар да, залымдар да, жағымпаздар да, шенкұмарлар да, бастықсымақтар да, т.т. жүр. Туындыда жағымды, жағымсыз кейіпкерлердің күресі, тартысы жүріп жатқанын сезіп, көз алдыға елестетіп отырамыз. Сондықтан, «елес кейіпкер-лер»  ойда, қиялда «тіріліп»  отырады, нағыз көркем туындылардағыдай. Бұл эпопеялық туындының жанрлық бір белгісі.                         

3) «Өмір өрнектерінен», сондай-ақ, отыздан астам жылдардың уақыт лебі есіп тұр! Бұл да эпопеялық шығарма белгісі!

4) Онда: басты, негізгі, қосалқы кейіпкерлер бар. Басты-негізгі кейіпкер – автор. Ол – ойшыл, гуманист, философ, зергер, шешен! Ол сол қасиеттерімен Шежіреші, данагөй абыз тұлға.

5) «Өмір өрнектерінде» автордың: «сюжетсіз жазбалар» ғана бар дегеніне, мен, оқырман ретінде, қосылмаймын! Онда: ондағы алуан түрлі әңгімелерді, қызықты хикаяларды, дәмді-дәмді тақырыпты-тақырыпсыз «ашық»,  «жабық» эсселерді қайда қоямыз?! Тәптіштеп, ерінбей-жалықпай санап шығуға тура келеді. «Өрнектерде», тұтас алғанда, тақырыпты-тақырыпсыз алты жүздей кәдімгі, көлемді, қысқа, мөлтек әңгіме, осы іспетті новеллалар, аңыздар, эсселер, хикаялар бар екен. Осылардың 310-ны тақырыпсыз «жасырын» мөлтек әңгімелер де, қалған 274-і тақырыпты кәдімгі, қысқа әңгімелер, новеллалар, аңыздар, эсселер, хикаялар. Осылардың қай-қайсында да белгілі оқиғалар, сюжеттер бар. Солардың бәрі тұтас қосыла кеп 1953-1986 жылдар аралығындағы заман, уақыт тынысын айқындайтын «жабық» эпикалық сюжет құрап тұр. Бұл да эпопея-роман белгісі.

6) «Өрнектерде» көркемдік сапа қандай! Онда үш мыңға жуық афоризм-қанатты тіркес, қанатты сөз, қанатты ой, теңеу, эпитет, мәтел, нақыл бар. Олар: өмір, өмір шындығы, адамдық, адамгершілік, әділеттілік, тазалық, пәктік, достық, жолдастық, адмдық ара қатынас, адамдық әрекет, батырлық, бақыт, талант, махаббат, сүйіспеншілік, құштарлық, құмарлық, ғашықтық, таным, нысан, ерлік, ұстам, тапқырлық, жақсылық, ізгілік, жамандық, жалқаулық, бойкүйездік, арампиғылдық, қаскөйлік, қатыгездік, арсыздық, нысапсыздық, парықсыздық, жағымпаздық, тоғышарлық, жандайшаптық, жәлептік, қаныпезерлік, жезөкшелік, кәззаптық, жатыпішерлік, дәрменсіздік, пәрменсіздік, мақтаншақтық, жауыздық, арамтамақтық, мансапқорлық, билікшілдік, дөрекілік, шенқұмарлық, кішіпейілдік, қарапайымдық т.т жайында.                             

7) Адамға: анаға, әйелге, қызға, ерге, жігітке, әжеге, атаға, қарияға, келінге, жасқа арналған    афоризмдер қаншама! Мәселен, бір ғана әйел мінезіне, қылығына, қызметіне, қасиетіне, әйелдің жұбайға қатынасына ғана қатысты «Өрнектерде» жүзге жуық афоризм, мақал, мәтел, нақыл, эпитет, теңеу, метафора бар.

8) Философиялық толғам. 45-50 Әзекеңдік мақал, мәтел, теңеуді кеэдестірдік.

9) «Өрнектерде» жүзге жуық проблемаға авторлық ой толғам айтылған.
Міне, осылардың бәрі, сайып келгенде, «Өмір өрнектерін» – күнделік-роман-эпопея деп тануға мүмкіндік береді. Ширек ғасырдан астам уақыт аралығындағы эпикалық өмір тынысы танылса, оқиғасы, сюжеті, кейіпкерлері, көркемдік өрнегі, айшығы бар тартыс, күрес көрініс туынды болса, оны роман-эпопея демей не дейміз? Роман-эпопеяның да қатып қалған қалыбы болмауға тиісті ғой. Оның да түрлі-түрлі көріністі болуы әбден ықтимал. Соның бір түрі – осы роман-күнделік болса керек.

«Дидар» газеті, 12 маусым, 2001 ж. 4-беттен.