Дүйсенбі, Желтоқсан 17, 2018
logo

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, ақын, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Қазақстанның халық жазушысы

Әзілхан ағаны алғаш қазақтың талантты жазушысы, жастардың сүйікті ағасы Мұқан аға Иманжановтың айтуымен таныдым. Ол кезде Әзағаң Павлодар облыстық газетінің редакторы екен. Алматыға келсе, алдымен Мұқан ағамен амандасып, содан кейін өз тірліктерін жалғастыратын көрінді маған.

Ұлы Жамбыл атасына өзінің майдандас достарымен бірге майданнан өлеңмен хат жолдап, сол хаттарына кешікпей жауап алған мықтының бірі осы – Әзағаң. Әзағаңның  ақын жүректен туындаған әңгімелерін мен өте сүйсініп қабылдадым.

Әзағаңның халықтың жүрегінен орын алған сүйікті де, сүйкімді романының аты «Махаббат, қызық мол жылдар». Ұлы ақынның жалғыз жол өлеңі әрі ат, әлі халық жүрегіне апаратын жол ма деп те қаламын. Бұл романды қара сөзбен жазылған махаббат туралы поэзия десек те артық емес. Осы романды жұрттың жабыла оқығанына мен өзім куәмін. Өз басым романды бірнеше рет оқыдым. Әр оқыған сайын сол кітап, сол кітапқа кірген геройлар менің туысымдай болып кетті.

Әзағаң жазатын шығармасын біраз уақыт достарына ауызша айтып жүреді. Біраз айлар өткен соң сол ауызша әңгімелер әсем бір күйдей болып, қанатын жайып қағазға түседі.

Әзағаңның «Ақиқат пен аңыз» атты романы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды. Осы кітап жөнінде Ғабит ағаның, Ғабиден ағаның, Әбділда ағаның сүйсініп айтқан пікірлерін өз құлағыммен естіп, жадыма түйген едім. Әзілхан ағаның үлкен шығармаларының бірі деп осы Бауыржан аға жайлы жазған шығармасын айтқан болар едім. Әдеби қауым, жалпы, қарапайым халық Әзілхан ағаның осы шығармасын өте жақсы қабылдады. Бірін-бірі түсінген екі майдангердің, екі майдангер жазушының жүректерін жарып шыққан сөздері кітап болып шығысымен қолдан-қолға тимей, ел аралап кетті. Бауыржанды жақсы көрген жұрт, ол кісінің Әзілхан сияқты асыл жүректі інісін мақтаныш етті.

Әзілхан аға атақты академик Сақтаған Бәйішевтің солдат шәкірті болғанын мақтаныш етеді. Сақтаған ағадай ғалымнан, Ғабит, Ғабиден, Әбділда ағалардай сөз зергерлерінен, Бауыржан ағадай батыр жазушыдан тәрбие алған Әзілхан ағаның өресі биік, шығар өрі де аласа емес.

Бағала, өлеңімді бағалама,
Көңілім бар өзгермейтін саған аға.
Бойына тәтті жинап өмір сүрген,
Мен сені ұқсатамын бал араға.

 Сүйікті кеудеңдегі жазың маған,
 Байлықсың әрі терең қазылмаған
 Бауыржан батырға бір іні болу,
 Әркімнің маңдайына жазылмаған.

Самғайды құстарымыз бір кеңдікте,
Сен менен жақсылық күт басқа күтпе.
Мен-дағы өзіңізге іні болып,
Үйрене бастаппын бір үлкендікке.

Білесің тіршіліктің бағасын сен,
Еліңмен бірге ертеңге барасың сен.
Өзіңнен үлкендердің бәріне іні,
Өзіңнен кішілерге ағасың сен.

«Қазақ әдебиеті» газеті, 31.12.2010 жыл, 7- бет.