Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
logo

Софы СМАТАЕВ жазушы, драматург

Іздеймін аңсап ағамды

Көктем мен жаз жүрген жанға түнеумен,
Көктем емес, көптен мейір тілеумен,
Барша жұртқа құшақты кең ашушы ем,
Бір ащы сөз естіместен біреуден.

Көңілім шалқып тұлпар мінді, тай мінді.
Серік етіп алғам нұрлы Ай, Күнді.
Мынау әлем жаралғандай бақыттан
Ұмытып ем өксік түгіл қайғыңды.

Жасау үшін кешегіге өткелді,
Оймен шолдым халқым кешіп өткенді.
Қазағымның қасиетті бір әні
Жүрегім мен көмейімде кептелді.

Елдің зары, ердің мұңы – қымбат тым,
Сол әнге мен сүңгідім де, шым баттым.
Қаратаудан босқан көшке ілесіп,
«Елім-айлап!» жанын жұртқа тыңдаттым.

Тыңдамады биліктілер төрдегі,
У боп сіңіп санасына ел демі.
Жерден алып, жерге салды өзімді:
«Ақтардың – деп қу сүйекті көрдегі!»

Айналды да күлкімді өксік жеңуге,
Тақап қалды Ай мен Күнім сөнуге.
Дайын тұрды баспалар мен қасқалар
Кітап түгіл авторын да көмуге.

Мен ұмыттым серік еткен Ай, Күнді.
Көмейледім күлкімді емес, қайғымды.
«Қопарды – деп – қопармайтын тарихты!,»
Беріп жатты желкемді үзер «бәйгімді».

***
Жан таппастан жан сырыма үңілген,
Барша жұрттан қаршадай мен түңілгем.
Ойда жоқта қалжыраған жүрегім
Дүр сілкінді атойлаған бір үннен.

«Әу, жарандар! Басыр едің не деген!
Өгейлік пен өктемдік пед өнегең?
Сеземісің тамырыңды үзгенді,
Безе қашсаң үлгісі мол көнеден?

Таптаймысың өкіндіріп өкпеңді.
Таппаймысың кешегіңді, өткенді.
Туа сап па ек бүгін ғана аспаннан,
Ескерместей қан мен терге бөккенді?

Ақтабан боп көп шұбырған қазағың,
Тартқан зардың, шер мен мұңның азабын.
Елім салған «Елім-айдың» әнінен
Жетеді әлі құлағыма азалы үн.

Елдің зарын жеткізіпті жас бала.
Жас бала емес. Біле білсең – хас дана.
Шырақ жақты ол тірілтем деп рухты,
Сол шырақты өшірем деу – масқара!

Көбейтпейік күншілдікті күйікпен
Тірілтейік мейірімді иіткен.
Арамдықтың батпағына малшынбай,
Әділетті табайық тек биіктен.

Тосқау қоймай жас таланттың жолына,
Бақ тілейік оңы менен солына.
«Елім-айын» тез шығартып баспадан,
Тигізейік қазағының қолына!»

Жарылардай алып-ұшып жүрегім,
Қарманғанда қалт-құлт еткен тірегін,
Ішкі өксіктің запыранын ақтарып,
Ыстық жасты кірпігімнен күредім.

Жан кемірген құтқарып ап жазадан,
Атой салған – Нұршайықов Әзағам!
Қара аспанның қақ жарды ғой қазанын
Жаны жайсаң,
Жүрегі кең,
Әз Адам!

***

Оралғандай болды жаз бен көктемім.
Жоғалғандай қиянатты шеккенім.
Жазушылар съезінде шаншылды
Биліктілер төбесінен өктем үн.

Қандай ғажап, қандай ыстық мейірі!
(Ілгеріні қуантты ма кейіні?)
Төр,  төбеге шығу үшін төтелеп,
Төбемізден тепкілейді-ау кей ірі...

Жөні бөлек Әзағамның өзгеден,
Көрері көп көңіл – деген көзбенен.
Тазалық бар, мөлдірлік бар жанында
Мұрт пен қырттар ешқашанда сезбеген.

Мен ағаны дәл солай деп сезіндім.
Бұрынғымдай келмес енді езілгім.
Қуат қосты аға сөзі жаныма,
Күресемін.
Бұзам құлпын төзімнің.

Мен ағадан көрдім кейпін жұртымның.
Бірақ сәтте марқайдым да құлпырдым.
...Босатпады тұтқынынан бәрібір
Жара – жаным,
Шер – жүрегім,
Мұң – ғұрпым.

***

Төрдегілер төмпештеуге құмар-ды,
Тал ететін жонып, шауып шынарды.
«Елім-айды» қамап ұстап жеті жыл,
Үзіп-жұлып әрең-әрең шығарды.

Кітабымның шыққанына ырзамын.
Дәл төбемнен нұр шашқандай мырза күн.
Әзағама ең алғашқы данасын
Қобалжумен ұстатқалы тұр жаным.

Тік шаншылды мейірлене ай-қабақ,
Құшағына басты ол мені аймалап.
Тебіренген жүрегінің қос шығы
Кірпігінен сырғып түсті тайғанап.

Көрдім жанның тереңдігін, кеңдігін.
«Ел құшаққа енер – дедім – ендігім!»
Сағынамын сол сәттегі ағамның
Елжіреген мәрт көңілін мен бүгін.

«Айналайын, аймалайын парқыңды.
Дәл осылай қарсы ала бер әр күнді.
Қуана бер шыққан сайын кітабың,
     Қуанта бер кітабыңмен халқыңды!

«Елім-айың» – махаббатың Еліңе,
Биік тауға, кең далаңа, көліңе.
Алашыңның азаматы болдың сен
Тартып туған нақ қазақтық тегіңе.

Шарықтатсын шабытыңды күн, айың.
Табыла бер Ел көңілінен ылайым.
Тоқтамасын жүйткуінен қаламың,
Талабыңды еселесін Құдайым!»

Кіргендей нақ қақпасынан Әлемнің,
Мен батаның бесігіне бөлендім.
Тұлабойым шымыр-шымыр дуылдап,
Нұрға оранды әр талшығы денемнің.

От тұтатты-ау өзегімде тілегі.
Шағын тұрқы қандай Алып, Ірі еді!
Қызғану жоқ,
Қызығу көп жастарға
Әділдік пен ұстаздықтың Пірі еді!

***

Жүргенде аңсап сол ағаны іздеген,
Құдай қалап көрші қылды бізбенен.
Сыйлас көңіл тылсымымен орады,
Ұлы арқауын бір сәтке де үзбеген.

Аға-іні боп, туысқан боп табыстық.
Табыстық та ғарыштан да әрі ұштық.
Әлияның туған күнін тойладық,
Сол күндердің еске алғанда – бәрі ыстық.

Сұр жалқаулық бүрсе бізді желкелеп,
Қыдыратын аулада  аға ертерек.
Халимадай асыл абзал жеңгеге
Жүруші едік кәдімгідей еркелеп.

Мен сағынам Ару, Ана, Жеңгені.
Жарға арналған Сәні, Мәні, Еңбегі.
Мінез, пиғыл, ар, иманы ғажап-тын,
Ұлт Анасы деп атардай ең кемі.

Қайран ғұмыр, – сәт екенсің сәскелік.
Біреу – ерте,
Біреу кетер кеш келіп.
Сол күндердің қызығы мен шыжығы –
Бір күлдіріп, бір жылатар естелік!

Табынамын Әзағама әлі мен,
Махаббатын биік қойған бәрінен.
Жан жарына мәңгілікке орнатты ол
Ескерткішті жүрегінің әнімен.

***

Өтіп жатты жылдар талмай жүгіріп.
Бірде сипап,
Бірде түйді жұдырық.
Жүрек қинап ағаны да, мені де,
Кейде тұрдық, кейде жаттық жығылып.

Жасытпадық қаламгерлік жігерді.
Салғызбадық аяқ-қолға шідерді.
Аяқталмас арманға арман жалғасып,
Үздірмедік үміті мол күдерді.

Жазушылық – ес тандырар құмарлық.
Сәт болмайды босқа отырып тынарлық.
Әр секундтен тасқа басар ой аулап,
Том-том қылып кітаптарды шығардық.

Ой ауладық, жаяуладық, жүгірдік.
Кейде біраз баяуладық, кідірдік.
Көбік сөзбен кептірмедік көңілді,
Кейбіреудей оқырманды ығыр ғып.

Жылға жылды қоса бердік тізбектеп.
Қабылдадық аппақ қыс пен күзді ептеп.
Әзағаңмен кездесетін қуанып,
Бар қазағы әр қиырдан іздеп кеп.

Қаламгердің ойындағы даналық
Құйылатын жып-жылы боп таралып.
Айтатын жұрт Әзағаңды жыр қылып,
Қайтатын жұрт кеңесінен нәр алып.

Жүрегінің аңыратып шат әнін,
Мөлдіріне шомылдырып батаның,
Берген маған көп томдығым шыққанда,
«Ең бірінші ұлт жазушы!» атағын.

***

Қайран аға!
Қайран абыз, кемелім!
Ұмытпайды барша алашың,
Сені Елің!
Орны толмай үңірейіп қалатын
Азаматты әкетеді неге өлім?

Бар едің-ау, нар едің-ау, тірі едің.
Нағыз қазақ марқасқаның бірі едің.
Неге асықтың, жүре тұрмай, бақиға
Бір-ақ сәтте қақ жарылып жүрегің.

Ұлы едің сен, ері едің сен Алаштың.
Әз халқыңмен Әзағам боп жарастың.
Тыныш едің, дұрыс едің Әлеммен,
Келмеді ме сұм ажалмен таласқың?

Пәк едің сен, тазасы едің тазаның.
Қанымда есті зарлы әуені азаның.
Ұмытпайды елің, жерің, байтағың,
Ұмытпайды өзің сүйген қазағың!

27 қыркүйек 2011 жыл.