Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
logo

Дмитрий СНЕГИН Халық жазушысы, драматург

Жазушы Әзілхан Нұршайықов – жетпіс жаста

1.

Кейде замандас, қаламдас туралы терең ойға батамын. Көкейіме ып-ыстық сауал кептеліп тұрады. Бұл – азғантай өлшеулі ғұмырда адамға не жетпейді деген ежелден адамзат баласын он ойлантып, мың толғантып келе жатқан ең қиын сұрақ болса керек. Бұнымды біреу күліп, біреу терең қабылдайды. Әлдекімнің осы сұраққа әжуамен былай жауап қайтарғаны жадымда: адамға бұл өмірде ешнәрсе жеткен емес. Онысы рас, әрине. Ойды әріден орап, толғанып сөйлеген енді бірі: «адамдар әр түрлі – түсінігі де, көзқарасы да әр қилы»  деп еді. Өзім осы айтылғанды іштей қорытып көрем ғой – бір кем дүние деген ақиқат болса, оң мен солы шөлпілдеп толып тұрған жан да табылмақ емес.

Міне, өмір жайында  өзегімде кең өрілген осы бір жай. Ал, жалпы мына дүниеде көкіректе ізгі ниет, мейірім сәулесі тым  азайып бара жатқандай. Адамдарда осы қасиет жетпейді. Бәлкім содан ба, жаны мейірім нұрына малынған замандастарыма бөлек қараймын. Олар маған тазалықтың, адалдық пен әділдіктің шынарындай асқақ көрінеді.

2.

Сондай тұлғалы, жүрегі таза майдандас досым, менімен қарулас та, қаламдас та болған Әзілхан Нұршайықовтың жетпіс жасқа толған мерейтойында ол туралы тиянақты сөз айтпас бұрын алдымен, оның бойындағы адами қасиеттеріне иіліп өткен жөн болар-ау.

Өмір – дария, мың иірім толқынмен сол асау дария желкені желбіреп жетпіс деген асқар асудан асырды. Жай қараған кісіге осынау уақыт елестей елеусіз көрінер. Ал пайыздап осы тұста сәл кідіре тұрған, Ертіс маңының иісі қолқа жарып, ашқылтым жусаны мен шалғынын, ананың ақ сүтімен уанған бүлдіршіннің бал күлкісін, сәулесі төгілген күн шуағын, бәрі-бәрін, айналаны, адамдарды тануға ынтық жаратылған. Әзілханның ішкі жан-дүниесімен біте қайнасып туған шығармаларын шын сезінер еді. Сол сүйіспеншілік, сол мейірімділік әуелі Әзілханның өз-өзін, сонан өзгені, өңірдегілерді тануына себепкер болған ғой. Бақыт деген сол емес пе!... Ұлы ойшыл Әбу Бекр ибн Туфейльден қалған бір асыл сөз бар: «Әр іс иесін табады, әркім өзінің табиғатына жақын істі атқаруға бейім тұрады» деген. Осы қанатты ұғым Әзілханның табиғатына дөп келеді...

3.

Адам өмірге келген соң, оның кім болып қалмағы – туған халқына жасаған жақсылығында. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт  досымның сондай маңдай тері сіңіп, халқы үшін қара табан күй кешкен кезі аз емес. Бір ғана «Ақиқат пен аңызын» алайын. Ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі сақталып, ескірмейтін елеулі дүние. Осы романның бас кейіпкері Бауыржан Момышұлы қазақ халқы үшін қандай алып тұлға болса, шығарманың өн бойынан сол асқақ сезімге лайық шыншылдық пен шымыр ой бүлкілдеп соғып тұрады.

О, менің айнымас, адал бауырым Бауыржан!...
Қайтпас, қайсар мінезімен бүкіл бір халықтың шынайы қалпын қалаған, табиғатын танытқан тұлғасы осы романда қалай берілген десеңші... Бір ауыз сөзбен түйгенде, Әзілхан

Нұршайықовтың бұл кітабы – Бауыржанның ақталған сенімі деуге тұрарлық.
Адамзат тұрмысының бұралаң-бұлтарысына жазушы қалай ендеп, терең бойлай білді – бұны дәлелдеп жатқым келмейді. Бұған қажет болса сыншы, әдебиетшілер арнайы тоқталады деп білемін. Тіпті шығарма иесінің құдіреті сонда, оның барлық жазғанына кез келгеннің тісі, бата бермеуі де мүмкін ғой. Өйткені ол – жазушының ішкі тебіренісі, толғанысы, жүрек құпиясы. Оны екінші біреу дәл солай сезінуі, дәл солай аша білуі неғайбыл-ау. Ең қиыны – жүрек кілтін табу. Осы жағынан да жазғандары өз алдына бір төбе. Зейін қойып оқысаң, одан адам мен уақыттың бөлінбес бүтіндігін, қоғамдық және жеке өмірдің қыры мен сыры айқын сезіледі.  

Сонымен Әзілхан – шығармашылығы дара тұрған, асқақ парасат иесі. Туындысына жібек арқау іздеп қара терге түспейді, жәй жіппен-ақ жігін жатқызып, қиюын келістіріп жазады. Осындай қарапайымдылығымен талғамға қонады.

5.

Әзілхан Нұршайықовтың «Сұлулыққа жанасу» деген лирикалық новелласын жан тұшыта оқып, өз жазғандарыммен салыстыра қарадым. Мұхтар Әуезовпен болған кездесулер жайында оның жазғандары нәрлі де бөлек екен. Неге бұлай деген ой түседі. Өйткені ол кімге де, неге де болсын, жәй көзбен емес, көкірек шамымен, жүрек сәулесімен үңіледі.

Менің көз алдымда оның тағы бір айырықша тұсы ашылғандай болды: осының бәрінің ұйытқысы мен тірегі – ұшқан ұясы, ана сүтімен дарыған адами қалпы, туған жердің тұз-дәмі. Туған жерден асқан құдіретті нәрсе бар ма десеңші... Барлығының бастауы сол тәрізді – алғашқы қуаныш та, тағдырдың талайы да.
Тіпті рухын өсіріп, қуаттандырған қалам іздері де осында сайрап жатқанға ұқсайды.

6.

Қасиеті қалың елге қайрат болған сол жерді мен де көрдім. Онда бәрі әліпбидің бастапқы әріптерінен басталады:
Абай...
Ақылбай...
Әуезов...
Әлкей Марғұлан...
Әбілев Дихан...
Антон Сорокин...
Әзілхан... Иә, осы бір топ биік шоғырдың қатарында оның да жұлдызы жарқырайды.
Зердесіне құйып, байыптаған оқырманға оның осы қатарда жетінші болып тұрғаны өзгеше ой түсірер деп ойлаймын. Жеті деген жәй сан есес, қасиетті сан. Ендеше жетпістің де жемісі үйіліп-төгіліп тұр.

Нұршайықовтар отбасында осымен қабат келген және бір қуаныш бар. Өмірлік жансерігі Қалила да жетпіске толып, көңілдері көл-көсір. Бұл сәйкестік тегін емес, мейірімнің мерейі, шапағаттың шаттығы осылай тоғысса керек. Бұндай жандармен қатар жүрген өзің де шын бақыттысың.

7.

«...Батамен ер көгереді» дейді ғой. Халқыңның ақ батасы демеу болсын, Әзілхан!

Егемен Қазақстан 1992 ж. 27 қараша