Сәрсенбі, Шілде 18, 2018
logo

Рақымжан ТҰРЫСБЕК Филология ғылымдарының докторы, профессор

Қолтаңба автор мен оқырманның  берік байланысын айқындайтын алтын арқау

Қолтаңба автор мен оқырманның берік байланысын, көзқарас мұраттарын, сабақтастық сырларын айқындайтын алтын арқау екенін бәріміз де білеміз.
Ол көбінде қысқа-нұсқа үлгіде берілуі мүмкін.

Қолтаңба мұраты мен тағылымының қайсыбір тұстарын жазушы ең-бегі мен шығармашылық үдерісі төңірегінде өрбітуге әбден болады. Осы орайда, сөз жоқ, жазушы Ә.Нұршайықовтың шығармашылық шеберханасына енудің пайдасы мол.

Журналист-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы қалың көптің қызығушылығы мен құрметіне ерте ие болғаны белгілі. Танымал тұлғаның шығармашылық өмірбаянына жіті ден қойсақ, ойлы очерктен – парасатты прозаның бел-белестеріне еркін көтеріліп, оның баршасында – адам әлемі, өмірі мен еңбегі, адалдық пен әділеттілік, кісілік пен кішілік, игілік пен ізгілік сынды сыр-сипаты жоғары қасиеттер шындық қалпында көрсетіліп, уақыт тынысы кең көлемде көрініс береді.

Көрнекті қаламгердің замандастары мен тұстастары секілді өз кезегімде кеш-кездесу, сұхбаттарда бірге болған, қатар жүргендегі жарқын жүздесу мен сәулелі сәттердің, нұрлы бейненің әсер-ықпалы мол болды. Әсіресе, жазушы шығармашылығына қатысты жүздесу-сұхбаттар, жекелеген кейіпкерлер хақындағы көзқарастар (мысалы, профессор Әуенов –  М.Әуезов, Кербез – Б.Шалабаев, Меңтай – Н.Нұрбосынова, Жомартбек – М.Дүйсенов, Зәйкүл- Күлзай Смағұлова, Тана – Тұрсын Серікбаева т.б.) әдеби-көркем қырларымен, ақиқат жайттар мен шындыққа сыйымды сипаттарымен тартымды, берер дерегімен мәнді, тағылымды тұстарымен маңызды еді. Кезінде жазушымен жүздесулерді сырлы сұхбатқа айналдырдық. Орта және жоғары мектеп бағдарламасына сәйкестендіріп, оқу құралдарын дайындадық (мысалы, «Әзілхан Нұрша-йықов». Өмірі мен шығармашылығы. Оқу-әдістемелік құрал. – Астана: ЕҰУ, 2007; «Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы». Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2005).

Айрықша атап өтер жайт: жазушының жеке мұрағатында, Орталық мемлекеттік мұрағатта – қолжазбадан кітапқа дейінгі әр алуан дерек көздері, қосымша материалдар, әлденеше жоба-нұсқалар, хат-жазбалардан күнделікке дейінгі мың сан үлгі-өрнектер, журналистік сапардан-жазушы еңбегіне дейінгі аралықтағы ізденіс пен көзқарастар, көркемдік құпиясына қатысты ойлар мен толғаныстар, түйін-тұжырымдар, қысқасы шығарма-шылық үдеріс табиғаты мен тағылымына байланысты алуан тақырыптар, жоба-жоспарлар, қанатты сөздер мерзім-уақыты, рет-жүйесіне сәйкес орын алған. Дайындалуы мен сақталуы көңілге қонады.

Ақиқатында, қаламгерді қалың көпшілік пен оқырман ортасында жиі көретін едік. Студент жастармен болған сыр-сұхбат, кеш-кездесулерде жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс мәселесі кеңінен қозғалатын. Сұрақ-жауап – сыр-сұхбатқа ұласатын. Атап өтер жайт, жазушы қайсыбір кеш-кездесу, сұхбаттасу тұсында міндетті түрде қолтаңба беру ісін жүзеге асыратын. Уақыттың басым бөлігін осы тұсқа арнайтын-ды.

Жазушы қолтаңбасы жүрдім-бардым орындалмайтын. Қолтаңба алушының назарын өзіне аударып, аты-жөнін, жұмыс орнын, кәсіп-дағдысын, ажар-көркін, ақыл-парасатын көріп-сезіп, естіп-білген соң ғана көңіл толқынынан тебіреніп, тербеліп шыққан әсерлі, мәнді тұстарды байыппен, маржандай тізіп, жүйелі жеткізетін. Қолтаңба алушының қай-қайсысының да көңілі өсіп, ерекше сезімге бөленіп, марқайып қалатын.

Айта жүрер әсер-ықпалы мен тағылымды тұстарды біз де әлденеше рет бастан өткердік. Жазушы еңбегі мен шығармашылық мұрасына қатысты ізденіс-зерттеулер тұсында – Ә.Нұршайықовпен бірнеше рет кездесудің сәті түскені бар. Жазушы үйіне жолым түскен сәттерде қолымда үнемі оның кітаптары болатын («Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Өмір өрнектері», «Мен – журналистпін», «Қаламгер және оның достары», «Мәңгілік махаббат жыры», т.т.).

Жеке кітапханамнан көрнекті орын алған сол жазушы еңбектерін қолға алғанда алғаш көзге түсетіні, сөз жоқ, оның қолтаңбасы десек, қаламгердің өз қолтаңбасына көңіл толқынының бедерлі, сәулелі тұстарын түсіретіні, жан-жүректегі бейнелі көріністерді лебіз-тілек түрінде жүйелі жеткізетіні назар аудартар еді.

Иә, жазушы қолтаңбасының басты белгісі, жарқын үлгісі «… 9 жыл ғашық болған, 54 жыл бірге бақытты өмір сүрген жан жары, мәңгілік ғашығы » (қаламгердің өз сөзі) Халимаға арнаған, қалың көпшілікке етене таныс жолдардан айқын аңғаруға болады. Оның басты, әрі алғашқысы, жазушы сөзімен айтсақ: «…өзіме ерекше ұнайтыны мына бір шумақ»:

Халимаға
Қасиеттеп, құрметтеп,
Сенің махаббатыңды.
Ұрпаққа үлгі болсын деп,
Алашқа жайдым атыңды
(«Мәңгілік өз Әзілханың. 03.04.03 ж.»).

P.S. Бұл Халимаға қойылған құлпытастағы эпитафия

Бұдан өзге: «Мен прозалық «Халимадан» басқа «Мұңды мақамдар» деген атпен жан-жарыма арналған сағыныш сарындарын-2000 жолдан аса өлең етіп жаздым», – дегенінен де жазушы қолтаңбасы, құрметі мен тағылымы терең танылады. Қолтаңба мұраты, бедері көрініс береді.

Кезекті тұста жазушы Ә.Нұршайықовқа тарту етілген кітаптардағы қолтаңбаларға назар аударалық. Әдебиет зерттеушісі М.Дүйсенов «Ғасырлар сыры» кітабының алғашқы бетіне былай деп қолтаңба қалдырған:

«Қадірлі Әзілхан!
Табиғаттың сыры бар ашылмаған
Деректер көп әлі де басылмаған.
Кейде олай жорылған, кейде бұлай,
Адамзаттың тарихы ғасырлардан.
Білсем-дағы әлжуаз өз жайымды,
Көп іздедім, тауысып көз майымды.
«Құдық қаздым инемен» ерінбедім,
Жақындығын білсем де «күз» айымның.
Жазғаным жоқ тарихта қалайын деп,
Қаламақы молырақ алайын деп.
Аямадым жүректі, жараладым,
Кәдесіне жастардың жарайын деп.
Өзіңнің Мырзабегің. 30.07.88. Аурухана».
Даңқты ақын О.Сүлейменов «АЗ и Я» кітабына төмендегідей қолтаңба жазып қалдырған екен: «Әзекеге, солдатқа-жазушыға-нағыз адамға.
Құрметпен, Олжас ініңіз.

22.02.84 ж.».
«АЗ и Я» кітабының жаңа басылымына арнаған сөзі:
«Құрметті, сүйікті Әзекеме. Олжас,
4.09.92 ж.».

А.Байтанаев:
Туыстыққа бергісіз достығымыз әманда жалғаса берсін.
(«Жаңғырған дала», роман, 1965).

М.Әлімбаев:
Асыл сөздің ғашығы, бағалы ойдың ғалымы Әз-ағаңа!
(«Маржан сөз», 1978)

Әсет Бейсеуов:
Қазақ халқының ардақты ұлы, тамаша жас арулардың жазушысы, талантты Әзекеңе.
(12.10.1976).

М.Мақатаев:
Әз ағама!
Менің әдебиеттегі кіндік атама.
(1970)

Қ.Мырзалиев:
Құрметті Әз аға!
Аспандай таза аға!
Қызықты кітапты,
Сіздей ел жаза ма?!
М.Шаханов:
Өнерде кең қанат, иықты,
Қырандай аңсаған биікті.
Талантын жастық шақ қолдаған,
Жастықтың әніндей самғаған.
Азамат ағасың сүйікті…
Жастықтай қымбатсың сен маған!
(1977)

Жазушы еңбегі дегенде еске түседі, ол – қаламгер қолтаңбасы, ондағы авторлық ұстаным мен жанжүрек жазбасының көңіл толқыны арқылы қысқа-нұсқалы үлгіде беріліп, оның өзі өзгеше құрмет пен қолдау, ерекше мән-маңыз берілуімен де шынайы сыйластық пен сүйіспеншілікті айқын аңғартады. Біздіңше, жазушы еңбегіндегі айрықша із-бедері бар – қолтаңба тарихы мен тағылымынан, өмір шындығы мен уақыт тынысынан өзге адам мен оның өміріне қатысты көзқарас мұраттары, қарым-қатынас һәм сыйластық иірімдері, көңіл нұры, мейірім шуағы жіті көрініс береді.

Енді бір сәт академик С.Қирабаевқа ұсынылған кітаптарға жазылған қолтаңбаға үңіліп көрелік.

«Қымбатты Әлия (Әлияш), Серік (Секе)!

Сіздерге өмір бойы өтей алмай келе жатқан дәм қарызым бар еді. Соның есесіне осы кітапты ұсынамын. Қағаз да болса, қазы мен қартадай көріп, қабыл алуларыңызды сұраймын. Мұндағы адамдардың бәрінің де толымды бейнелері жасалған жоқ. Өйткені, бұл көркем роман емес, көз көргенді блокнотқа түрткілей бергеннен туған дүние ғой – эпистолярлық еңбек. Сондықтан бейнеміз жарқырап көрінбепті деп ренжімеңіздер. Жарқырап тұрмаса да, жастық шағымыздың бір белгісі ғой.
Зор құрметпен: ағаларың − ұрпақүрім бұтағы мың болып өркендегір ардақты Рымбала апаның «киімшең» ұлдарының бірі
Әз.Нұршайықов.
28.VIII.2000 ж. Алматы.

«Қымбатты келінім Әлия!
Бұл кітап – 2006 жылы шілде айында 40 жазушы, әртіс, ғалымдар «Алатау» санаторийінде бірге демалған, сыйлас, сырлас болған күндердің белгісі болсын, қалқам.
 Аса қадірлі інім Серік екеуіңізге зор құрметпен сыйлаймын.
Әз.Нұршайықов.
17.07.2006 ж.

«Алатау» санаторийі.
Профессор Тұрсынбек Кәкішевке арналған қолтаңбада былай деп жазылған:
« Кәкішев Тұрсынбекке!
Жүрегі жалынды, көңілі дария, сөзі алтын – ардақты келінім Күбіраға!
Қайнағалық көңілмен, ықыласпен, ризалықпен!
Әз.Нұршайықов.
7.XII.1966 ж.»

«Қымбатты інім, досым, сыйласым, сырласым Тұрсынбек пен қадірлі келінім – дос бауырым Күбіраға, ағалық ықыласпен.
Әз.Нұршайықов.
23.II.1970 ж. »

« Құрметті Тұрсынбек!
Елу жасқа толған тойыңмен шын жүректен құттықтаймыз. Ұзақ өмір сүріп, тіршілігіңнің жемісті әр жылы елу жылдық мәңгілік өмірге айналсын деп тілейміз. Одан келін ұмытса, ұрпақ кінәлі, сен кінәлі емессің.
Халима, Әзілхан Нұршайықовтар.
25.IX.1977 ж. Алматы».

Қаламгер Қ.Әлім ұзақ уақыт бойы Ә.Нұршайықовпен кездесіп һәм сұхбаттасып, тіпті өзара хат-жазбалар арқылы да берік байланыс орнатқаны – «Махаббат жыршысы» (эпистолярлық хикаят) атты еңбегінен кең орын алған екен. Орайлы тұста Ә.Нұршайықов қаламгер әріптесіне бірсыпыра кітаптарын тарту етіпті. Әрине, кітаптардың алғашқы бетіне – қолтаңба қалдырған. Оқып көрелік:
«Қайсар Әлімге!

Қымбатты Қайсар інім! Бұл менің өз ұстазым Мұқан Иманжанов туралы жазған кітабым еді. Сіз өткен ағаларды «өлтірмей» – ұмытпай ардақтайтын абзал азаматтардың бірісіз ғой. Сіздің сол ағаларға деген асыл ілтифатыңызға, шексіз сүйіспеншілігіңізге деген ризашылығымның белгісі ретінде бұл кітабымды өзіңізге ерекше ықыласпен сыйлаймын.
Қабыл алғайсыз.
Келін, балалар бәріңіздің бақытты болуларыңызға шын жүректен тілектеспін.
Зор құрметпен:
Әз.Нұршайықов.
20.IX.2001 ж. Алматы.

«Қайсар және Алтын Әлімдерге!
Қымбатты Қайсар! Аяулы Алтын!
Бұл Халима апаларың туралы кітап. Жақында ол кісінің 80 жылдығын өткіздім. Сол тойдан тәбәрік деп қабылдағайсыздар.
Өздеріңізге деген шексіз құрметпен,
Әз.Нұршайықов.
20.05.2005 ж.».

Оқып, танысқан қолтаңба бедерінен қаламгердің әріптесіне деген көңілі кіршіксіз екені бірден көрініп-ақ тұр. Жалпы мұндай ақжолтай лебіз-тілектерден автор мен оқырман арасындағы байланыс-сабақтастықты, өзара құрмет пен қолдауды, әр кезең, тұстардағы сұхбаттардың сырлы си-паттарын, ең негізгісі адами көңілдің қарапайым қағидаттары мен үлгі-өрнектерін, ізгілік иірімдерін терең тануға болады.
Жазушы қолтаңбасы жеке кітапханамдағы еңбектерден де орын алған. Оның да бірнешеуін оқып көрелік:
«Қымбатты Рақымжан інім!

Сізге бұл кітабымды («Махаббат, қызық мол жылдар» – Р.Т.) өзіңіздің танымдық қуаты күшті – «Парыз бен парасат» атты жаңа кітабыңызға байғазы ретінде ұсынамын.
Сіздің менің бұл романым туралы ғылыми-зерттеу жұмысын жазғаныңызға тәнтімін…
Өзіңіздің ғылыми, әдеби шығармашылық қызметтеріңіздің жыл сайын жемісті бола беруіне шын жүректен тілектеспін.
Зор құрметпен – ағаңыз Әз.Нұршайықов.
20.12.2003 жыл»

«Қымбатты іні досым! Бауырым! Авторым! Қадірлі, аса кішіпейіл Рақа! Сізге шын жүректен алғысымның бір белгісі осы кітап («Ақиқат пен аңыз» – Р.Т.), осы қолтаңба болсын.
Зор құрметпен, Әз.Нұршайықов.
23.04.2005».

«Астана қаласындағы Еуразия университетінің профессоры Р.Тұрысбекке! Ардақты бауырым Рақымжан!
Сізге деген сүйіспеншілігімді қалай айтып, не деп жеткізерімді білмей отырмын. Мен туралы тамаша мақалалар жазып, «Дала мен қала», «Нұр-Астана» газеттерінде жарияладыңыз. Енді, міне, маған «Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы» деген таудай кітапты тарту етіп отырсыз.
Мұныңыз баға жетпес байлық, рухани өшпес мұра ғой, қалқам-ау!
Зор құрметпен басымды иемін…
Әз.Нұршайықов.
26.10.2005.

Біздіңше, жазушы қолтаңбасы – жан-жүрек тынысы, көңіл толқыны ғана емес, сонымен бірге кітап иесінің белгі-ерекшеліктерін тап басып, соған көзқарасын, лебізін білдіреді. Тілек қосады. Жазушы көзқарасы мен қолтаңбасы – жан-жүрек алғысынан, көңіл қанағатынан тұрады. Алғысы мен құрметі қатар сезіледі. Адамдық әлемі, адамгершілік иірімдері, көзқа-рас мұраттары да танылады. Қысқасы, автор мен кітап – жан жылуы мен көңіл қуатын танытуымен бірге көркемдік-рухани мұраның құндылық қырларын, танымдық-эстетикалық мұратын, сезім мен сүйіспеншіліктің мәңгілік сипаттарын кең көлемде көрсетеді.

Тұтастай алғанда, журналист-жазушы Ә.Нұршайықовтың шығармашылық мұрасында – қолтаңба мәдениеті ақыл-парасатқа құрылып, өзіндік өрнек, өзгеше қырларымен мәнді болып табылады. Бұл – бір.

Екіншіден, жазушы еңбегі мен шығармашылық қырларына назар аударсақ, адамдық әлемі, жасампаздық һәм ізгілікті қадамдары айрықша танылып, жанашырлығы мен жауапкершілігі, құрметі айқын аңғарылады.

Үшіншіден, қаламгер қолтаңбасы – өмір мен уақыт бедері, автор мен оқырман арасындағы байланыстың берік арқауы, бүгін мен болашақтың рухани көпірі, естелікті ескерткіштердің әсерлі Һәм тағылымды тұстарын жіті танытатын маңызды да мәнді белгілердің бірі.

Демек, қолтаңба – жан-жүрек жазбасы. Көңілдің сәулесі молынан түсірілген, арман-аңсарлар да, жақсылық-жетістіктер де лебіз-тілек түрінде көрініс табатын, жүйелі жеткізілетін асыл сөздің қысқа үлгісі, нұсқалы үрдісі.

Жарқын жүздесу, сырлы сұхбаттар тұсында бірде жазушыдан қолтаңба (( автограф)) хақында сұрағанымыз бар.
– Мен қолтаңба қалдыру арқылы көпшілікке Һәм оқырманға сол сәттегі көңілімді ғана білдірумен шектелмеймін, – деген еді қаламгер. – Сонымен бірге, құдіретті қазына – кітаптың табиғаты мен мазмұнын ашамын. Кітаптың рухани қуат-нәрін, көркемдік-эстетикалық әсер-ықпа-лын да негізгі назарда ұстаймын. Кітап мәдениетін, оны оқып-үйрену мен жинауды, тәлім-тағылым алуды да үлгі етемін. Соған бағыт-бағдар беремін.

Қолтаңбада қаламгер мұраты, адам әлемі, ақыл-парасат деңгейі, біліми-мәдени мүмкіндіктері, көзқарас эволюциясы көрініс береді. Өмір өрісі, уақыт бедері бары да анық. Демек, қолтаңба – лебіз-тілектің тоғысы ғана емес, білім-біліктің, тәлім-тәрбиенің де тағылымды тұстарын терең танытады. Ендеше, журналист-жазушы   Ә.Нұршайықовтың қолтаңбасы рухани байлықтың қадір-қасиетін жіті зерттеп-зерделеудің үздік үлгісі, қалың көпшіліктің қымбат қазынаға көзқарасы мен құштарлығының бедерлі белгісі, ең негізгісі оқырманға берік сенімі мен шексіз сүйіспен-шілігінің көркемдік қайнары, мәңгілік мәні мен сырлы әлемі.
«Егемен Қазақстан», 27 қазан 2011 жыл