Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
logo

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН Журналист-ғалым

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ТУРАЛЫ ӘРІПТЕСТЕР ЛЕБІЗДЕРІ

Қазақстанның халық жазушысы, республиканың мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат дегенде бірден көзге түсетін екі жайтқа назар аударуға болады. Біріншіден, белгілі қаламгердің шығармашылығынан оның ұзақ жылдар бойы журналистиканың қазанында қайнап, пісіп-жетілгендігін, осынау журналистік тамаша тәжірибесінің жазушы шығармашылығына ықпалы мол болғанын айтқан жөн. Екіншіден, Әзағаңның алдыңғы ұрпақ – классик жазушылардың дүниелерінен жан-жақты хабардар бола тұра тек өзіне ғана тән жол іздегендігі, әрі оны тауып, тың стильмен, өзіндік өрнек-машықпен әдеби ортаға танылғаны оқырмандарға белгілі. Оған жазушының қолындағы жүздеген хаттарды көргенде тағы да көз жеткіземіз.

Байыппен қараған адамға Әзілхан Нұршайықов шығармашылығы сан қырлылығымен және көптеген жанрларды қамтитындығымен  ерекшеленеді.  Тағы  бір  ерекше атап көрсетерлік  жайт Әз-ағаңнан өзгеше еңбекқорлығы мен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ұқьтптылығы, ықтияттылығы. Оны сонау ¥лы Отан соғысы жылдарындағы от пен оқтың ортасында отырып жазған күнделіктерінен бастап қаламдастарымен жазысқан хаттарынан, құнды құжаттарды қапысыз сөйлете білу шеберлігінен, оны деректі шығармаларында өте орынды қолдана білуінен аңғаруға болады.

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылғы 15 желтоқсанда Семей облысының Жарма ауданына қарасты «Келін сүйегі» деген жерде туған («Келін сүйегі» бұрынғы «Ақбұзау» колхозына қараған). Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін 1972 жылдың ортасына дейін үзбей журналистік қызмет атқарған. Әдеби қызметкерден бастап, журналистік лауазымның барлық баспалдағынан өткен. Алдымен Семей облыстық «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы») газетінің әдеби қызметкері, меншікті тілшісі, «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, жауапты хатшының орынбасары, меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің бас редакторы, «Қазақ эдебиеті» газетінің бас редакторы болған. Кейінгі төрт жылда Қазақ Совет энциклопедиясының редакция меңгерушісі қызметін атқарған. 1972 жылдың екінші жартысынан бастап журналистикадан қол үзіп, әдеби шығармашылыққа емін-еркін кіріседі.

Әзілхан Нұршайықов шығармашылығы көп қырлы. Ол журна-листиканың көптеген жанрларынан бастап, күнделік-эссе, әңгімелер, повестер және романдар жазды. Жазушының «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959), «Жомарт өлке» (1960) деп аталатын очерктер жинақтары, «Махаббат жыры» (1964), «Ботакөз», «Ескі дәптер», «Әсем» (1966), «Алтын соқпақ» (1967), «Батырдың өмірі» (1969), «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970, 1972), «Ақиқат пен аңыз» (1976, 1978), «Автопортрет» (1977), «Тоғыз толғау» (1977), «Өмір өрнектері» (2000), «Мәңгілік махаббат жыры» (2005) атты кітаптары елдің сүйіп оқитын ру-хани дүниелеріне айналды. Ә. Нұршайықов кітаптарының қай-қайсысы да тартымдылығымен, терең мазмұндылығымен, жеңіл оқылуымен оқырманды бірден баурап алады. Кез-келген туындысы алғашқы сөйлемдерінен бастап еріксіз жетелеп ала жөнеледі. Ал мұндай жазушының мыңдаған оқырмандары алдында кеңінен танымал болмауы мүмкін емес. Бұл туралы классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Әзілхан - біздің республикамыздағы, үлкен одақ көлеміндегі жақсы танылған прозаиктеріміздің бірі. Әзілханның әрбір кітабы, баспадан шыққан әрбір сөзі – біздің халықтың көңіліне, жүрегіне қонып жатқан сөздер, ұялап қалған ойлар. Қазіргі кітап оқитын адам, радио тыңдайтын жұрттың бәрі де Әзілханмен өте таныс» /1, 266/ деп тебіренеді. Сөзге сараң, сырбаз мінезді Ғабеңнің бұлайша шешіліп сөйлеуі әріптесіне деген шынайы ықыласының көрінісі болса керек.

Ал әдебиетіміздің ақсақалы Әбділда Тәжібаев былай дейді: «Мен өзім төл әдебиетіміздің прозасына қатты қуанамын. Соның әрбір жетістігі жанымды рахатқа бөлейді. Солардың ішіндегі мені қуантатын прозаиктердің бірі – осы отырған Әзілхан. Шіренбей, сызданбай, кеудесін соқпай, үн-түнсіз, өне бойы кішіпейіл қалыпта жүріп, халыққа көп қызмет етіп келе жатқан және халыққа соншалық даңғыл болып алған жазушылардың бірі де осы жігіт. Мен Әзілханмен бірге осы биыл Талдықорған, Жамбыл, Шымкент облыстарын араладым. Үйден аттанғанда бұл маған сопровождающий болып шыққан сияқты еді. Ал бара-бара бұған мен сопровождающий сияқты боп қалдым. Халықтың сүйіспеншілігі солай! Әзілхан сөз сөйлеп болғаннан кейін жұрттың бұған деп қол соғуын көрсең: қаншама мейір, ықылас, ризашылықты аңғарасың. Артында келе жатқан ініңді елдің құрметтегенін көргенде көзіңнен жас та шығып кетеді екен... Шынымды айтсам, мен Әзілханның ел арасында мұндай мәшһүрлігіне бір жағынан қуанып, бір жағынан сүйсіне қызғанып отырдым. Қызғанудың ең жақсы мағынасында айтып түрмын»/1, 114/.

Мұндай лебіздер Ә. Нұршайықовтың өз тұстастарының аузынан да айтылды. Жазушының бүкіл жұрт жаппай оқыған «Махаббат, қызық мол жылдар» романының кейіпкері Жомартбек Жолдиннің прототипі - филология ғылымдарының докторы Мырзабек Дүйсеновтің мына бір пікірінің терең мәні бар: «Осы тұста тағы бір жайға назар аудару керек сияқты. Кейде өзі дүниені лайлап жүріп адалдық, моральдық тазалық туралы айғай салатын ағайындарды көргенде, іштей қысылып, тіпті қынжылып қалатынымыз бар. Жазушы өз жүрегі ағармай тұрып моральдық-этикалық мәселелер туралы шыншылдықпен айта алмайды, айтқандары және сендірмейді, әсер етпейді. Мен білетін Әзілхан өмірде таза, кішіпейіл, гуманист, партиялық принципіне берік жан. Жақын араласқан адамдардың қай-қайсысы болса да оның бұл қасиетін мойындайды, сол үшін сыйлайды да. Міне, жазушының бұл қасиеттері оның кейіпкерлеріне де тән. Жүрек сөзін ағынан жарылып, ашық айта алғандықтан да оның шығармалары оқушы қауымының нәзік сезімдерін қозғап, жүрегіне жылу дарытып, санасына жарық сәуле шашады» /2, 12/. Жазушы шығармашылығы туралы ыстық лебізін айтқандар жеткілікті.

Олардың барлығы да осынау шынайы талантқа ерекше ризалығын білдіріп отырған. Әрқайсысы қаламгер шығармашылығының әр қырынан келеді.
Әзілхан Нұршайықов шығармаларының жазылу тәсілі қандай? Ол көбіне-көп «мен» деген түрғыдан, яғни, бірінші жақ баяндап отырады. Кез-келген шығармасының алғашқы сөйлемін оқыған адам одан басын ала алмай, еріксіз тұсалып қалады. Бұл нені көрсетеді? Әрине бұл қаламгер шығармашылығындағы шынайылықты танытады. Қара қылды қақ жарған әділеттілік, қалың елдің жүрегіне жол тапқан қарапайымдылық жазушының жан-дүниесіне берік қонақтаған қасиеттер тәрізді. Өмірге ерекше ынтызар, тіршілікке құштар ақ көңілді, пәк ниетті, парасатты да адал кейіпкердің бұл өмірдегі көрген-білгендерін шыншылдықпен баяндап, риясыз екшеп, мөп-мөлдір сезімін жайып салуы оқырманға айрықша әсер етеді. Сол оқырман кейіпкердің адамгершілігі арқылы жасалған әрбір іс-әрекетін ой елегінен тынымсыз, тоқтаусыз өткізіп отырады. Міне, Әзағаның кез-келген шығармасының оқырманды өзіне тартып, терең ойға жетелейтін себебі осы болуы керек.

Академик Зейнолла Қабдолов: «Әзілхан Нұршайықовтың очерктері жалықтырмайды, қызықтырады, жеңіл оқылады. Мұның бірнеше себебі бар... Осы ерекшеліктер Әзілхан Нұршайықовты әдебиетке келген бетінен бастап-ақ біртүрлі соны қалыпта танытқан-ды» /3, 342/, - деп баға беріпті. Әзілхан Нұршайықов шығармашылығы туралы лебіздердің бірқатары өлеңмен өрнектелген. Қазақтың арқалы ақындары өздерінің пікірін жыр жолдарымен білдірген. Мысалы, белгілі ақын Қадыр Мырзалиев:

Құрметті Әз - аға!
Аспандай таза аға!
Қызықты кітапты
Сіздей ел жаза ма?! /3, 340/, -деп шынайы сүйіспеншілігін танытыпты. Сондай-ақ, тағы бір танымал ақын Мұхтар Шахановтың:
Әз-аға!
Өнерде кең қанат, иықты,
Қырандай аңсаған биікті,
Талантын жастық шақ қолдаған,
Жастықтың әніндей самғаған,
Азамат ағасың сүйікті...
Жастықтай қымбатсың Сен маған! /3, 341/, -
деп тебірене жырлап, қаламгердің азаматтығына, талантына жоғары баға беруі тегін болмаса керек.

Қаламдастар лебізі тек жазушының шығармашылығының қыр-сырларын ғана танытып қоймайды, оның өзі, әдеби ортадағы орны туралы да қоғамдық пікірді қалыптастырады. Осы түрғыдан алғанда, әріптестерінің ой-тұжырымдарын халық жазушысының шығармашылық тұлғасына берілген шынайы баға деп қабылдаған ләзім.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Нұршайьқов Ә. Мен және менің замандастарым // Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: «Қазығұрт», 2005. Т. 10. -352 бет.
2. Дүйсенов М. Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығы туралы // Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: «Қазығұрт», 2005. Т. 1. - 472 бет.
3. Нұршайықов Ә. Мен және менің замандастарым // Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: «Қазығұрт», 2005. Т. 9. -344 бет.