Жұма, Қараша 16, 2018
logo

Еркеш ЗИЯБЕКОВА

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің диплом қорғаушысы, Семей облысы, Жарма ауданындағы «Бірлік» колхозы орта мектебінің мұғалімі.

СОҢҒЫ ТҮЙІН немесе жазушының үйінде

Сонымен диплом жүмысы жазылып бітті. Ол кісі оқымастан өзіме қайтарып берді.
—    Алдымен жазушының өзіне оқыт. Содан соң маған әкел,— деді , жетекшім. Тәртіп солай шығар деп жазушының үйіне бардым. Ол кісі қарсы болған жоқ.
—    Тастап кет, ертеңнен бастап оқуға кірісейін,— деді.

Жазушының кабинетін бірінші рет көргенім еді. Жан-жағыма бажайлай қарап, көргенімнің бәрін  көңіліме сақтауға  тырыстым.
Ерсілі-қарсылы ұзын екі қабырғаға біркелкі кітап шкафтары қойылыпты. Кей шкафтың беттері үлкенді-кішілі тақтай есіктермен жабылған. Кей шкафтар шынымен әйнектелген. Әйнектердің ар жағына алуан-алуан кітаптар тізілген. Бер жағына үлкенді-кішілі әр түрлі суреттер қойылған. Екі қабырғадағы шкафтардың бәрінің үстіне бірнеше портреттер қойылған.
Еденге бір-біріне тіркестіре қойылған екі үстел тұр. Екі үстелдің де шет жақтарында әртүрлі қағаздар, блокноттар, папкалар үюлі жатыр. Екі үстелдің де иесі отыратын орындыққа қарсы жақ шетіне дыбысы шықпайтын үстел сағаттары қойылған. Жазушының, осы екі үстелге кезек отырып, жұмыс істейтіні аңғарылады.

Есіктен біз кірген кезде жазушы бергі үстелдің басында магнитофон радиоқабылдағыштан ыңырана жай сөйлейтін бір адамның сөзін тыңдап отыр екен. Есік ашылғаннан кейін магнитофонды тоқтатып, бізбен сәлемдесті. Содан кейін келген жұмысымызды сұрады. Диплом жұмысымның қолжазбасын алды да, төргі үстелге қарай аяңдады. Бірақ оны төрдегі үстелге апарып қойған жоқ. Оның ар жағына апарып қойды. Сөйтсем терезе жақта тағы бір кішірек, аласалау үстел бар екен. Үстінде жазу машинкасы тұр. Менің қолжазбамды жазушы сол жазу машинкасының қасына апарып қойды.

– Мына тыңдап отырғаным ағаларымнын дауысы, – деді Әзілхан аға бізге қарай қайта бұрылып. – Маған 1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді ғой. Сонда үйге бірнеше дүркін қонақ шақырдық. Мынау сол кездегі жазып алған кассетам еді. Өзім жазғамын. Жаңа кірген кезде, естігендерің Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтың үні.

 – «Ұлпанның» авторы ма?— деппін мен.
           – Иә, сол кісінің сөзі. Ол кісіні көріп пе едіңдер?
           – Жоқ, аға.
           – Дауысын  естіп  пе  едіңдер?
           – Жоқ.
           – Тыңдайсыңдар ма?
           – Тыңдаймыз.
           – Онда мен басынан бастап қайта қояйын. Өзімнің диплом жұмысымда бір кемшілік жібергенімді мен осы арада аңғардым. «Ақиқат пен аңызды» оқығаныммен, ол туралы диплом жазғаныммен, ағаның бұл кітап үшін лауреат болғанын білмейтінмін. Бірақ үндемедім. Артынан оны бір жеріне қиюластырып жіберермін деп ойладым.

Міне магнитофон сөйледі. Алдымен Әзілхан ағаның өз дауысы естілді. Одан кейін осы кабинетке әлгінде біз кіргенде естілген маңғаз дауыс қайта шықты. Ғабит Мүсірепов сөзі. Менің диплом жұмысыма тікелей қатысты сөз болғандықтан мен оны көшіріп алдым. Енді диплом жұмысыма сол сөзді түгел келтіріп отырмын. Ол мынау, Магнитофон таспасынан: Ә.Нұршайықов: Бүгін 1980 жылдың 6 қазаны. Біз үйімізге қонақтар шақырдық. Олар: Мүсірепов Ғабит (бәйбішесі Ғазизамен), Мұстафин Ғабиден (неге екені белгісіз, бәйбішесіз жалғыз келді) Қаратаев Мұхаметжан (бәйбішесі Марқұмамен). Бәйішев Сақтаған (бәйбішесі Ғафурамен) Шәріпов Әди (Клара екеуі), Байсейтов Рымбек (Мақыш екеуі). Молдағалиев Тұ-манбай (Күлтай екеуі). Қазір сол қонақтардың кейбір әңгімелерін жазып аламыз. Дастархан басында ас ішіп, әңгіме айтысып, әзілдесіп отырған адамдар дауысы естілді. Солардың арасынан жай сөйлеген маңғаз үн естіледі. Өзге дауыстар су сепкендей басыла қалады.

Ғабит Мүсірепов: Жақын арада республикалық сыйлық комитетінің мәжілісі болды. Сонда комитет мүшелерінің бір ауыздан қолдап, әрқайсысы , көңіліндегі айтам деген жақсы сөзін айтып: «Енді осы жігітке халықтың ризалығын білдіріп, құрметін көрсететін уақыт болды» деді, Абай атындағы сыйлыққа құрметтеп өткізген бір жігітіміз мына отырған Әзілхан. Ол бүгін құрметтеп ақсақал ағаларын өзінің қуаныш тойына шақырып отыр. Сыйлық-тың жолы қысаң ғой, әрине. Бірақ, биыл үкіметіміз республика тойының құрметіне біраз кеңшілікке барды. Біздің екі орнымыз бар еді. Сол екі орынға төрт кісі ұсынып едік. Соның үшеуі өтті. Солардың ішіндегі ақсақалы мына біздің Әзілхан – осы үйдің иесі.

Әзілханның өзінің адамгершілігін, бізден гері жаспыз деп отырған мына Әди, сол Әди бастаған жастар, Тұманбайлар көбірек білетін болар. Біздің Әзілханмнн бірге бақшаға барған уакытымыз жоқ, атқа мініп шапқан уақытымыз жоқ. Біз тек бір-ақ жағынан білеміз Әзілханды:  Әзілхан үлкен жазушы.
Иә. Осындағы адамдарға Әзілханның қандай үлкен жазушы екенін айтудың орынсыз болуы да мүмкін. Иә, өйткені мен оны сенен көп білемін деп бір-бірімізге айта алмасақ керек Әзілхан. жайын. Әзілханның әр-бір кітабы, баспадан шыққан әрбір сөзі біздің халықтың көңіліне, жүрегіне қонып жатқан сөздер, ұялап қалған ойлар. Қазіргі кітап оқитын адам, радио тыңдайтын жұрттың бәрі де Әзілханмен таныс.

Күні кеше 60-қа Жұбан келіп, Ленин орденін алды. Биыл рес-публикалық тойымыз үстінде қаншама адам бұрынғыдан көп бәйгеге ие болды. Биылғы жыл біздің кеңілді жылымыз болды. Республикамыздың тойы қандай керемет жоғары дәрежеде өтті! Иә, санап айта берсек, республи-камыздың осы тойына арнап әзірлеген нәрселеріміз кеп екен. Солардың барлығы да лайықты әзірленген. Мұндайда қазақ: «Тойға той ұлассын!» дейді. Ендеше бүгін Әзілханға: «Тойға той ұлассын!» деп айтар кезеңге келген кезіміз.
Иә. Көптен кешіктіріліп, әртүрлі себептермен тежеліп келген бұл тойға да жеттік. Енді осы тойдағьі бұл сөз тек қана тілек емес, тек қана жастардың тойына қатыса берейік деген, той бола берсін деген дәме ғана емес, Әзілханның бұл тойы өзінің піскен кезінде, халық талабын орындар уақытында, орындағанда артығымен, сан жағынан емес, сапа жағынан көңілге толық өнімдерге жеткізер кезінде өтіп отыр. Сондықтан бұл үйдің тойын жетпістегі біздер қуана тойлаймыз. Осы тойдың қуатымен біз сексенге келерміз. Жастарымыздың осындай қызығы боп тұрғанда біз қартая қоймасақ та болар. Тоқсанға да жетерміз! (күліп). Бір ғасырдың үш ширегін өткізіп тастадық. Ендігі қалған бір ширегі қанша қиын болар дейсің? Түгел өткізіп тастармыз. (Өзгелер дуылдап, қостау білдірді).

Сонымен қазір қазақ әдебиетінің осыдан он бес-он алты жыл бұрын бір кішкене іркіс-тіркіс, іркілу, не істеліп жатқаны белгісіз, кімнің кім екені айқындалмаған, жалпы бағыт танылмаған күндері болып еді. Бірімізді біріміз байыптап, біле алмағанбыз. Енді биылғы жыл біздің үлкен бір қуанышты жылымыз жан-жағынан.
Иә. Жақында ғана одағымыздың бастығын жаңартып алдық: жалғыз біріншісін емес, бәрін де. Соған енді кейінгі жастардың бәрінің, қалай қарайтынын мен біле бермеймін. Бірақ, әйтеуір, естияр жазушылардың бәрі де жазушылар өміріндегі беталысқа тегіс қуанышты. Солай ғой, Әди?
Әди Шәріпов(солғын): Дұрыс, дұрыс.

Ғабит Мүсірепов: Иә. Бұл да үлкен тойымыз өзі. Осындай тойлар біріңе-бірі қосыла берсін. Сол үлкен тойларға жалғаса келген осы үйдің тойы құтты болсын! Өйткені бұл да біздің өрелі тойымыз, Әзілханның үйі-іші аман болсын! Байқап отырмын, осы үйдің іші кең болғанымен, шаңырағы биік болсын Әзілханның! Бала-шағасымен бақытты болып, өмірлері жақсы-лықпен жалғаса берсін! Бұл тосты осы үшін алып қояйық. Дауыстар: – ой, бәрекелді!

    – Ой, рахмет!     
    – Айтқаныңыз келсін, Ғабе! Біз бір сағат магнитофон тыңдадық. Өмірі естімеген Ғабит, Ғабиден, Сақтаған Бәйішев, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Әди Шәріпов ағалардың және солармен бірге шақырылған Тұманбай Молдағалиевтың үндерін естіп, төбем көкке жеткендей болдым,
    – Аға, сізде Бауыржанның да дауысы бар ма?... дедім содан соң.
    – Бар.
    – Естуге бола ма?
    – Болады. Анау Мәншүктің портретінің, астындағы есікті аш онда, – деп Әзілхан ағай маған есік жақ қабырғадағы шкафтардың бірін нұсқады.

Мен жүгіріп барып, шкафтың есігін ашсам, ар жағына кітаптар сықай салынған жоғары сөренің алдында қаз-қатар тізілген магнитофон кассеталары тұр. Әрқайсысының түбіне машинкамен басылып, кімнің сөзі, қанша минут екені көрсетілген.
– Аға, осының бәрі жазушылардың сөзі ме?    
– Замандастарымның үні ғой,— деді ағай жайлап. – Баукеңнін сөзі анау оң жақта ең үстінде көлденең жатқан кассеталар болар.
– Көріп тұрмын. Аға, мына кассеталарды санауға бола ма?
    – Болады.
    – Бір. Екі! – деп мен саусағыммен түртіп, барлық кассетаны санап шықтым. 80 кассета екен!

Бір кассетадан Бауыржанның үнін тыңдадық. Ол кісі «Ым-м-м!» деп бөгеліп отырып сөйлейді екен. Баукеңнің «Ым-ым!» дегендері жолбарыстың үніне ұңсайтыны рас екен.
    – Бұл менің Баукеңмен «Ақиқат пен аңыз» кітап болып шыққаннан кейін жазып алғандарым, – деді Әзілхан аға магнитофонды тоқтатқаннан кейін.
    – Алғашында магнитофоным болмады. Сондықтан қарындаштың көмегіне ғана сүйенуге тypa келді. Магнитофонға жеткен кезде Баукең қайтыс боп кетті де, әңгімеміз аяқталмай қалды ғой.
    – Сіз Баукең туралы тағы да жазасыз ба, аға?
    – Оны айту қиын. Қазір денсаулық деген билеп кетті ғой адамды.
    – Аға, мынау еденде үюлі тұрған папкалар не?
    – Кеше архивқа материалдар өткізіп едім. Соның жиналмай жатқан бөлшектері ғой.
    – Қандай материалдар өткіздіңіз?
    – Өзімнің 414  қолжазбамды бердім. Барлығы 4367 бет болды.
    – Одан басқа.
    – Оқырмандардан келген 10 мың хат өткіздім. Олардан басқа 52 жазушыдан алғай 151 хаттың ксерокөшірмелерін бердім.
    – Олардың ішінде қандай жазушылардын хаттары бар?
    – Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтың, Асқар Тоқмағамбетовтың, Жекен Жұмақановтың, Зейнолла Қабдоловтың, Тұрсынбек Кәкішевтың, Мырзабек Дүйсеновтың, т.б. хаттары бар.
    – Мына папкаларыңыздың біреуін ашып көруге бола ма?
    – Болады.

Менің қолыма «1993 жылы жазылған хаттар» деген папка ілінді.
    – Соңғы хатыңызды оқуға бола ма?
    – Оқи ғой.
Папканың үстіңгі бетіне машинкаға басылған мынадай хаттың көшірмесі тізіліпті.
«Шығыс-Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі Жаңабай Әшімовке, Ұлан аудандық соғыс және еңбек ардагерлерінің төрағасы Самат   Мүқановқа,   Ұлан аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Болат Асқарұлына.

Аудандық «Ұлан» газетінің редакция алқасына!
Аса ардақты ел азаматтары!
Сіздерге алыстан ағалық селем жолдаймын. Сәлем соңында өздеріңізге айтар мынадай өтінішім бар.

Жақында Сіздің ауданның Ақтау-Белая гора поселкесінде тұратын Ұлы Отан соғысының батыры, ересен еңбекшіл, ғажап адам, жанпоз жан Хамза Ақжоловтың қайтыс болған хабарын естідім. Ең алдымен, кеш те болса, сол асыл азаматтың бала-шағасына, туыстарына, ауылдастары мен замандастарына шын жүректен кеңіл айтамын.
Кешегі сұрапыл соғыста екі аяғынан бірдей айрылып, мүгедектіктің иығына түскен ауыр тауқыметіне қарамастан, ұзақ жылдар совхозға шопан болып, халық үшін аянбай адал қызмет еткен Хамзадай азаматтар мәңгі ұмытылмай, - үнемі ел есінде сақталуға тиіс. Сондықтан Ақжолов есімі сол ауданның бір ауылына (өзі өмір бойы еңбек еткен «Обухов» совхозына) және өзі өмірден өткен Ақтау поселкесінің бір көшесіне берілуін тілек етемін.

Сол сияқты соңғы жылдарда Ұлы Отан соғысының ерлері артиллерист Қазтай Қырыбаев Шымқора ауылында; атақты бригада (дивизия) барлаушысы Қабыш Мусин «Подгорный» (немесе «Прогресс» болар –Георгиевка – Өскемен тас жолындағы село) совхозында, жаралы жау-ынгерлерді ұрыс даласынан сан рет аман алып шыққан ержүрек санинструктор Қаббас Дүйімбаев Никитинка селосында өмірден өтті. Осы ерлердің де есімдері, Ұлы Отан соғысына қатысқан тарихи адамдар ретінде, өздері тұрған елді мекеннің бір-бір көшесіне берілуі жас ұрпақ тәрбиесіне жақсы қызмет ететін ғибратты іс болар еді деп ойлаймын.

Бұл тілектердің орындалуы осы азаматтармен соғыста бірге болған, олар жайында шығарма жазған жалғыз мен үшін ғана емес, халқымыздың тарихы үшін де қажет шаруа деп есептеймін.
Сіздердің сау-сәлемет болып, халық үшін еткен қызметтеріңіз жемісті болуына тілектестігімді білдіремін.

Ұлы Отан соғысына қатысушы, Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нүршайықов. 31.11.1993 ж.»
– Аға, бұл «Ғажайып адам» повесіндегі кейіпкеріңіз Хамза Ақжолов па? – дедім мен хатты оқып шыққаннан кейін.
    – Иә, Еркеш. Мүмкін диплом жұмысында өзің де ол кісінің атын атаған боларсың.
    – Мен ол повесті көзімде жас мөлтілдеп отырып оқыған едім. Диплом жұмысымда барлық жан жүрегімнің ризалығымен бірнеше бет арнадым ол кісіге.
    – Рахмет оныңа.
    – Айналайын, ағатай-ай, өмірден өтіп кеткен екен ғой ол кісі де, – дедім мен тағы да көңілім босап.

– Өмірден кім өтпейді. Бір кезде қан майданда сап түзеп, лек-легімен аттанған ардагерлер бірі-бірінің соңынан бәрі өмірден аттанып жатыр ғой бір-бірлеп.
Осылай деп Әзілхан аға кітап шкафтарының төбесінде тұрған Мәншүктің, Бауыржанның «Великие Луки түбінде» деген еңбегінде айтылатын бір ұрыста жаудың бес танкісін жайратқан Рымбек Байсейітовтың, «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы әзілқой студент Жомартбектің прототипіне алынған, өмірдегі ертерек өткен өзінің жан досы, – филология ғылымының докторы Мырзабек Дүйсенов ағаның суреттеріне бір-бір қарап өтті.

Содан кейін ол кісі бір сәт үнсіз қалды.
Жазушы ағамен әңгімеміз осылай аяқталды.

Ағамызбен жылы әңгімелесіп, апайымыздың қолынан жақсы шай ішіп, бұл үйден біз қанаттанып шықтық. Әсіресе қазақ әдебиетінің пайғамбарлары сияқты асыл     ағаларымыздын    үндерін естігеніміз мәңгі көкейімізде қалды. Ол ағалардың бәрі де Әзілхан ағаны қадірлеген екен. Әзілхан ағаның бойында қадірлейтін қасиеттер бар екенін өзіміз де аңғарғандай болдық. Жұртты жатырқамайтындығы, кішіпейілдігі өз алдына. Оның үстіне өзгенің қамын ойлауға құштарлығын айтсаңшы. Бауыржан туралы атақты кітабын жазғаннан кейін, енді оған батыр атағын әперу женіндегі қызметін «Мәдениет және тұрмыс» журналында басылған «Ескірмеген естеліктен» оқығанмын. Енді Miнe қазақ халқының қарапайым ұлы азаматтарының бірі Хамза Ақжоловтың есімін тарихи түлға ретінде ел есінде қалдыруға жасап отырған қамқорлығын айтсаңшы! «Ұлан ауданынын, басшылары Әзілхан ағаның осы тілегін орындап Хамза Ақжоловқа, хатында керсетілген және басқа соғыс ардагерлеріне (қайтыс болған) туған, тұрған ауылдарында бір-бір көшенің атын берсе-ау, шіркін!» деп ішімнен арман еттім.
Осыдан соң екі күннен кейін жазушы ағаның үйіне барып, қолжазбамды алдым. Ағай оқып шыққан ёкен. Бірақ менің 125 бет қолжазбамның 68 бетін қысқартып тастапты. Жартысынан көбі! Қатты қиналдым. Бірақ үндемедім.

– Сен өте көп жазыпсың. Бір диплом жұмысына осының жартысы да жетеді. Ал қысқартуға қимасаң, онда жетекші ағаларыңмен ақылдас. Солар шешсін, – деді ағай.
Сөйтіп, ойлана келе состиып қалған диплом жұмысыма,   «Соңғы тарау немесе жазушының үйінде» деп атап осы тарауды қостым. Бұл өзі диплом жұмысының жоспарында жоқ тарау. Диплом жүмысын белгілі бір стандартпен жаза бермей, алған объектің жайында азғантай әңгіме шерте кеткен де артық болмас деп ойладым. Өзіме тиісті диплом жұмысының шең-берінен шығып кеткенім үшін құрметті ұстаздарымнан ғапу өтінемін.