Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
logo

Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ, жазушы-ғалым

Қазақ энциклопедиясында парасат деген қасиет ақыл-ой, сана-сезім, көрегендік, тапқырлық, зерделілік, танымдық, адамгершілік, жомарттық қабілеттердің биік ерекшелігін білдіретіні көрсетілген. Бұл сөзді біз текке келтіріп отырған жоқпыз. Бір асыл азаматымызды осы биіктен білетінімді айтпақпын. Ол – бәріміз қадір тұтқан Әзілхан Нұршайықов.
Біздер ұлы жазушыларымыз М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов,

Ғ. Мұстафиндердің шығармаларын қызыға оқып, рухани нәр алып, өздерінің көзін көріп, зор бағалаған ұрпақпыз. Соларға теңдес келетін кім болды, кім бар деп көңіл жүгіртіп қоямыз. Сонда, алдымен Әзағаң оралатын еді. Оның да шығармаларын, мақалаларын құныға, әсерлене оқығанымыз рас. Міне,  сондай қазақ әдебиетінің жүгін нардай көтерген тұлғадан айырылғанымызға жүрегіміз қан жылап-ақ қалды. О дүниелік болып кеткеніне де қырық күн толды.

Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Мен және менің замандастарым» өмір өткелдері кітаптарын оқығанда бір нәрсеге қайран қалатынмын. Оның көргендерін, естігендерін, оқығандарын, біреулермен сөйлесіп-әңгімелескендерін есінде сақтап, ойында ұстау қабілетіне таңданатынмын. Қолға қойғандай, артық кемі жоқ, қаз-қалпында көп жыл өткеннен кейін де жазып, айтып беретіні таңқалдыратын. Қалай ойына сақтаған деп сүйсіну сезімі туатын. Әсіресе, Б. Момышұлындай әділ де, турашыл асыл адамның айтқандарын, сөйлесу мәнерін, қимыл-қозғалысын, шын бейнесін жазу жеңіл шаруа емес. Ал, Әзағаң онымен алғашқы кездесуден-ақ бастап, сан рет әңгімелескенін, бірге жүргенін, оның не дегенін еш қоспасыз қағазға түсіруі ғажап. Содан болар Баукеңнің оған сеніммен, құрметпен қарауы. Ойға сақтау зеректігі, қаламын қадай білген еңбекқорлығы, әділ де адалдығы, сондай-ақ, Баукеңнің сенімі болмаса, «Ақиқат пен аңыз» деген маңызды кітап жазылар  ма, кім білсін?!

Бірнеше жыл бұрын Әзағаңа телефон шалып, аты-жөнімді айтып келейін деген ойымды айтып едім, «Ә, келе ғой» деді де, уақытын, үйінің адресін көрсетіп берді. Бірден жылылық сезілді. Кейбіреу сияқты ыңыранып, бәлденіп жатпады.

Шыққан кітаптарымның біреуін автограф жазып ала барғам. Есігін өзі ашып, жүзі күлімдеп қарсы алды. «Жоғарылат!» дейді. Әңгімеміз бірден жарасып кетті. Кітаптарымды сыйлап, тілегімді білдірдім. «Ой, айналайын, үлкен рахмет! Қаламың ұштала берсін!» деп алды да, үстелінің үстіне қойды.

«Мен де саған кітабымды сыйлайын», – деді де бір кітабын алып, алғашқы бетіне жаза бастады. Сол жазғанын үзіп-жұлмай толық келтірейін:
«Аса қымбатты бауырым Тоқа – Тоқтар! Сізді сыртыңыздан жақсы білуші едім. Сіз бүгін маған «Аза мен қаза», «Қоштаспаймын, махаббат» және «Бейімбетті кім атқан»деген тамаша кітаптарыңызды әкеп сыйладыңыз. Бұл құрметіңізге шексіз ризамын. Халқымызда «сыйға – сый, сыраға – бал деген жақсы сөз бар ғой. Менің сізге сыйым осы кітап болсын. Зор құрметпен, Әз. Нұршайықов. 22.03. 2003ж.» деп жазып, «Өмір өрнектері» деген кітабын қолыма ұстататты. Әркімнің маған сыйлаған еңбектері менде аз емес. Жазған автографтары «ізгі тілекпен, игі тілекпен, зор құрметпен» деген болып келетін. Ал, Әзағаңның қолтаңбасы тіпті бөлек. Жанына жақын тартып, баурап алатын ақжарма лебіз, іші-бауырым елжіреп кетті.

Үйге келген соң кітапты оқу керек деп түйдім. Сол үшін бірнеше күн арнадым. 1953-1986 жылдарда қандай қызметтер істеді, кіммен араласып-құраласты, қандай әңгімелер болды, мәселелер қалай шешіліп жүрді, адамдардың алуан түрлі қасиеттері – соның бәрі сараланған. Ол жақтары кең талдауды қажет етеді. Мені аса қызықтырғаны тілінің шұрайлылығы. Халық тудырған мақал-мәтелдер, қанатты сөздер мол екендігін білеміз. Ал, жеке жазушылардың шығармаларында да кездесетінін көре бермейміз.

Шығармалары көркемдігі мен  мазмұндылығы ерекше көрінген Ә. Нұршайықовтың «Өмір деректері»кітабында да аса құнды афоризмдермен және ой-толғамдармен өрілген қанатты сөздер мол ұшырасады. Оларды оқып, автор жанының нұрын, ойы мен сезімінің шырынын, рухани әлемінің болмысын, кіршіксіз көңілінің қайнар бұлағын сезінесің. Көбі мақал-мәтелге айналып кеткен. Кітапты оқығанда түйген ойым бұл. Сондықтан тіл мәйегіне айналған шұрайлы, маңызды, қанатты қайырымдарын, ойлы оралымдарын теріп алып, «Егемен Қазақстан» газетіне жіберген едім. Ұзын саны – 340. Газеттің бір бетін тұтас алып, 2004 жылғы 20сәуірдегі санында жарияланып еді. Әзағаңа айтқам жоқ. Газеттен көріп, маған хабарласып, «Әй, айналайын, Тоқтар, соның бәрін қалай теріп алғансың, үлкен рахмет!» деген жұмсақ та, жағымды үні әлі құлағымда.

Тағы бірде ұзағырақ әңгімелестік. Сәті келіп, Әзағаңның үйіне бардым. Жайласып отырғаннан кейін: «Қандай жұмыстарда істедің?» деп сұрай  қалды. Сол жолы бүкіл өмірімді айтып бердім десем де болады. Балалық шағым соғыс кезімен тұспа-тұс келіп, колхозда істегенімнен бастап, оқығанымды, екі ай мұғалімдік жұмыс істегеннен кейін түрлі жауапты қызметтер атқарып жүріп, қаламды тастамай жазып жүргенімді, ақыры Б. Майлиннің өмірі мен тағдырын зерттеу арқылы ғылымға ойысқанымды, сол арқылы не тындырғанымды асықпай әңгімеледім. Әзағаң сөзімді бөліп тоқтатпады, пейілмен тыңдады да отырды. Бірде: «Пәлі, көп іс тындырыпсың ғой» деп қалды. Мезі болды ма деп жүзіне қарасам, жылы ұшыр,п, тыңдай бергісі келетінін байқадым.

Енді мен Б. Майлинді қалай, неге зерттей бастадым, қанша мақала жариялаттым, неше кітап шығарттым, соларды айта келіп, бір мәселенің шешілмей келе жатқанына тоқталғым келді. «Сізге айтсам ба екен сол жөнінде?» деп ренжулі қарап едім, «Айта ғой, мен де білейін» деп маған дем беріп жібергендей болды. Мұңымды ақтардым.
1994 жылы Б. Майлиннің 100жылдығы кеңінен аталып өтті. Соған орай жазушы елінде көп қаламгерлер болдық. Қостанай облысының сол кездегі әкімі Б. Тұрсынбаев тойды үлкен дайындықпен өткіздіртіп, зор мән берген еді. Құрып бара жатқан Бейімбет ауылы жанданып кеткен екен.Соңғы бас қосып, дәм тату кезімізде аса риза болғанымызды білдірдік. Сөздің сәті келіп, мен де пейілімді білдіріп, С. Сейфуллин мен І. Жансүгіровтың мұражайлары облыстарының орталықтарында бар екенін, Б. Майлинге де сондай мұражай Қостанайда болуы керектігін айттым. Б. Тұрсынбаев бұл мәселені шешуге ниет білдіріп еді. Алайда, көп ұзамай ол басқа облысқа ауыстырылып, орнына басқа адам келді.

Бұл талап іске аспай жатқан соң Республика Министрлер Кеңесінің   премьер-министріне, Қостанай облысының әкіміне ашық хат дайындадым. Б. Майлинге Қостанайда мұражай ашу керек деген М. Әлімбаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, тағы басқа жұртқа белгілі 13 адам – жазушы, ақын, ғалым қол қойды. Хатты әлгі екі құзырлы мекеме басшыларына жібердім. Әрі «Қазақ әдебиеті» газетінің 2004 жылғы 26 сәуір күнгі санында жарияланды. Қостанай облыстық әкімдігінен хат алдым. Ондай мұражай ашуға құлық жоқ екен.
Енді не істеу керек? Мақалалар жаздым. 2007 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың атына хат жаздым. Ол кісіге көрсетілмеген болуы керек, әлеуметтік-саяси бөлімінен жауап алдым. Онда «министрлік жергілікті әкімдікке тиісті тапсырма бергендігі жөн санағандығы» жазылған. Бірақ ешқандай хабар-ошар да, нәтижелі іс те болмай кетті. Осының бәрін Әзағаңа айтып бердім. Сөзімді бөлмей, мұқият тыңдап ойланып отыр еді. «Президентке мен хат жазайын, ол кісі менің хатымды оқимын деп еді. Жіберейін.» деді. Сөзіне берік екен, 2009 жылғы 16 маусым күні хатын жіберіп, бір данасын түсіріп маған берді. Біртүрлі қуаныш кернеді. Бір бетке толар-толмас хат. Бәрін болмаса да кейбір жерін келтірейін: Сізге қайта-қайта хат жазып уақытыңызды алуымның реті жоқ-ақ. Бірақ өзіңізге айтпасам шешімі табылмай қалатын халық үшін қажетті кейбір мәселелер кездеседі. Соның біреуін бұл жолы сізге тағы айтқалы отырмын» деп бастап, менің шарқ ұрып жүргенімді жаза келіп «Жазушы-ғалым Т. Бейісқұловтың бұл мұңына мен үн қоспай қала алмадым... Болашақ қамын көп ойлайтын өзіңіз Қостанай басшыларына тапсырып, онда Майлиннің жеке мұражайының ашылуына мұрындық болсаңыз, бұл сіздің ұлтымыздың болашақ ұрпағына жасаған көп қамқорлығыңыздың бірі болар еді деп деп ойлаймын» деп аяқтаған хатын.

Бір айдың шамасында Мәдениет және ақпарат министрлігінен де, Қостанай әкімдігінен де хат келді. Министрлік облыс әкімдігіне нақты іс-шаралар атқару жөнінде ұсыныс енгізгендігін хабарласа, Қостанай облыстық әкімдігі бұл істі назарда ұстап отырғандығын, бірақ қазір мүмкіндік жоқ екендігін жазыпты.

Мұндай жауапты қабылдамаған Ә. Нұршайықов Қостанай облысы әкімінің орынбасары С. Бектұрғановқа қолма-қол ренжулі хат жіберді. Жауап хатқа қол қойған сол кісі. Мұнда облыс әкімі С.В. Кулагинге  де қарата жазғаны бар.  Әзағаң «Бірақ бұл жауаптан мен халық музыкасы аспабынан хабары жоқ әлдекім теріс бұрап қойған домбыраның тыңқылдаған түсініксіз үнін естігендей болдым. Қанағаттанбадым... Қазақстанның халық жазушысы ретінде, ел қаламгерлері атынан айтып отырған бұл өтінішім орындалмаса, Елбасына қайтадан хат жазып, Сіздердің бұл теріс пиғылдарыңызды ол кісіге жеткізуге мәжбүр боламын. Қостанай сияқты шалқып жатқан бай облыстың бір мұражай ашуға қаражаты жетпей жатыр дегенге кім сенеді? Сіздерден  жауап күтемін» деп жазып, қатқыл мінез көрсетті. Жөн болған екен деп мен де түсіндім.

Он күннің ішінде С. Бектұрғановтан хат келді. Біраз шаралар қолға алынып жатқанын, мұражайды ашу 2011 жылға жоспарланғанын хабарлапты. Әзағаң телефон шалып үйіне шақырды. Барғанымда осы хатты қолыма ұстатты. Өзінің жүзі жайнап, баданадай көзі күлімдеп тұр екен. Қысқа да нақты хаттан 2011 жылы Б. Майлиннің мұражайы ашылатына туралы жоспарларын оқығанымда көкірегімнен көгершінім шаттанып, көкке самғап ұшып кеткендей болдым. «Үлкен рахмет, Әзаға, Бейімбеттің әруағы риза болсын!» деп қолын қыстым. Екеуміз біршама шүйіркелесіп отырдық. Бір кезде «Шіркін, Биағаның мұражайының ашылуында болып, көзіммен көрсем арман бар ма деп қалдым. «Алла жазса бірге көреміз», деп еді әлгі хаттарды маған беріп жатып. Арлы-берлі жіберілген хаттар менің қолымда сақтаулы.. Жаңа жыл келгенде хабарласып, құттықтап, тілек айттым. Ол рахметін жаудырып жатыр. «Әзаға, қостанайлықтар уәделі сөз беріп еді ғой, соны естеріне түсіріп қойсақ қайтеді» дедім. «Иә, есімде, мен ауруханаға жатпақпын, содан келген соң қолға алайық» деп еді Әзағаң.

Тағдырдың жазуына не істерсің. Азиаданың алауын ұстап сергек кетіп бара жатқанын телеарнадан көріп едік. Аяқ астынан келген қасіреттей болды. О дүниелік болғанын естігенде төбеден жай түскендей әсер етті. Кеше ғана қоштасқан сияқты еді, міне, қырқы да келді. Тағы да Әзаға, иманың жолдас, жаның жаннатта болсын деймін. Ескерткіш қойылса құрметіміз болар еді.

Ал Қостанай облысының әкімінің орынбасары С. Бектұрғанов мырзаға айтар тілек, сөздеріңізде тұрып, Б. Майлиннің мұражайын биыл ашарсыздар. Сонда еліне ғұмырын арнаған екі арыстың Б.Майлин мен Ә. Нұршайықовтың аруақтары риза болар еді деп білемін.

«Қазақ әдебиеті» газеті, 2011 жыл, 18 наурыз (№11-12),14-бетте.